Әлеумет

Клубта күнде концерт

Клубта күнде концерт

– Балалар Мәдениет үйінде өтетін мерекелік шараға барамыз деп құлағымды әбден сарсытты. Қоймаған соң, киіндіріп әкесіне ілестіріп жібердім. Өзім кешкі дастарханның қамымен үйде қалдым. Сен неге бармадың? Биыл 82-жылғылар лотереяның бас жүлдесіне «Аudi» тігіпті. Осы үлкен олжа кімге бұйырар екен? Ескі әрине, бірақ көліктің аты көлік қой. Мерекемен құттықтай кірген көрші әйел самбырлап қатты сөйлейді екен, асығып келіп жеңгеме жеткізген жаңалығы еріксіз елең еткізді. Мейрамда тым-тырыс отырмай, көпшілікке ортақ мәдени шара ұйымдастырылғанын, оған қатысуға бүкіл ауыл тайлы-таяғы қалмай дайындалғанын әңгімелеп, екеуі де мәз. Бірді айтып, бірге көшіп, мәре-сәре. Ес білгелі Жаңа жылды қарсы аламыз деп түнгі он екіні күтетін ескі әдет қой бойға сіңіп қалған. Кеш батқалы уақыт та тырмысып ілгері жылжымай қойған соң қолыма іліккен кітапты алып, оқып отырғанмын. Мына жаңалық ауыл тіршілігінің бір көрінісін көз алдыма әкелгендей. Ары қарай парақтауға зауқым соқпай, бір шетке ысыра салдым да, әңгімеге құлақ түрдім... Иә, осыдан он шақты жыл бұрын аудан әкімдігі ауылдағы жалғыз мәдениет ошағын жекеменшіктен қайтарып бергені дұрыс болған. Қазір онда мерекелерде шағын концерт ұйымдастырылып тұрады. Мәдениет үйінің директоры Берік Тауасаров кезінде композитор Жаңбыршы Үсейінов құрған «Таңсамалы» ансамблінің құрамын қайта жасақтапты. Фонограммасыз ән шырқап, концерт қоятын да солар. Ауыл жаңалығы арнайы хабарламасыз-ақ жедел таралады емес пе?! Балалардың таңертеңнен «Мәдениет үйіне барамын» деп қиғылық салатыны да сондай кез. Ал апалар бар жақсысын үстіне іліп, немересін жетелеп, көшеге шығады қаздай тізіліп. Осының өзі сырттай қараған адамның жанына жылу сыйлайтын ерекше көрініс. Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, оған қоса ауыл кітапханасын осы ғимаратқа қайта көшіріп әкелгелі ауылдың тыныс-тіршілігі жандана түскендей. Бүгінде онда аудандық «Өнер» мектебінің бір бөлімшесі жұмыс істейді, жас жеткіншектерге арналған домбыра үйірмесі тағы бар. Бұрын көпшілік үшін мәдени шара деген ұл-қызының мектепте өтетін Жаңа жылдық шыршасы еді. Басқа баратын жер болмаған соң, сол кезді сарыла күтетін. Енді қазір әр мерекеге орай ұйымдастырылатын мәдени шараларға барып, бір мезгіл концерт көріп, жадырап қалған.

Көкдөнен ауылы, Т.Рысқұлов ауданы

Ардақ Үсейінова