Бақылау жұмысы пәрменді
Бақылау жұмысы пәрменді
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің 94 мүшесі бар болса, оның 32-сі мәслихат депутаттары екен. Өткен жылы аталған қоғамдық кеңес облыстық және аудандық деңгейде 67 отырыс өткізіп, 123 қаулы қабылдаған. Жергілікті атқарушы орындардың, өзге де мекемелердің тарапынан берілген 369 ұсынысты орындап, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын бақылау мобильдік топ құрып, зерделеу жұмыстарын жүргізген.
Қолға алынған шаралар мен атқарылған жұмыстарды «Нұр Отанның» Орталық аппараты оң бағалап отыр. Бұл туралы партияның облыстық филиалында өткен баспасөз конференциясында аталған кеңестің төрағасы Бақтияр Алдашов айтып өтті. Бақтияр Алдашовтың айтуынша, қоғамдық кеңестің отырысында 4 басқарма басшысының, екі аудан әкімінің есебі тыңдалған екен. Соның нәтижесінде құрылыс салаларындағы бірқатар жөнсіздіктер дер кезінде жолға қойылған. Осы жиындарда әлеуметтік мәселелер, әсіресе, денсаулық, антимонополия салаларына қатысты біраз ескертпелер айтылыпты. Кеңесте Талас пен Т.Рысқұлов ауданындағы бірқатар мәселелер сараланып, нұротандықтар көптеген дұрыс шешімдердің қабылдануына ықпал еткен екен. Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы төрайымының орынбасары Бақыт Әлмұратов өткен жылы атқарылған жұмыстарды мәлімдеп, алдағы жоспарларымен таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, былтыр комиссия отырыстарында 57 партия мүшесінің жауапкершілігі қаралып, төзуге болмайтын әрекеттері үшін 23 адам партия қатарынан шығарылған екен. Жыл бойы облыстық филиалда – 6, аудандық филиалдарда 59 мәрте бақылау комиссиясының отырыстары өткізілген. Бақыт Әлмұратов комиссия отырыстарында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы туралы бірқатар басқарма басшылары есеп бергенін, нәтижесінде екі орта мектептің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталып, пайдалануға берілгенін тілге тиек етті. Жалпы, «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында салынып жатқан құрылыстарға 61 рет рейд жүргізіпті. Жыл басынан бері аталған комиссия 186 азаматты жеке өтініші бойынша қабылдап, 121 өтінішті оң шешкен, қалған 65 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Төлемісова хабарлама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы облыстық және қалалық, аудандық филаилдарға тұрғындардан 5461 өтініш түсіп, оның 2366-сы (43 пайызы) оң шешімін тапқан. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Мәслихаттың депутаттары 1061 қоғамдық қабылдау өткізіп, онда 323 өтініш қаралып, 22 пайызы оң шешімін тапқан.
Есет досалы