Маэстро
Маэстро
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген «100 жаңа есім» жобасына Жамбыл жерінен сегіз азаматтың енгені мәлім. Олардың қатарында ІІ республикалық дирижерлер конкурсының гран-при иегері, өнертану ғылымының кандидаты Ерлан Бақтыгерей де бар.
Өнер әлеміне аңсары ауған кейіпкеріміз бала күннен үлкен ізденістер жолына түсті. Меркі ауданы, Ақтоған ауылында балдай тәтті балалық шағын өткерген ол үшін кең дала музыка тілінде тербеліп тұрғандай көрінетін. Қазақтың қасиетті домбырасымен шарықтата ән шырқап, күй тартқанда ауылдастары «Пах, шіркін, біздің Ерланның өнері-ай!» деп сүйсініп, мейірленетін. Ерекең жерлестерінің де, жалпы жамбылдықтардың да сенімін толықтай ақтады. Ауылда қанат қаққан асқақ арман оны Алматыға жетеледі. Кейіпкеріміз А.К.Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің домбыра класын тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының дирижер класында тиянақты білім алды. Осы жылдары әнші қыз Меруеш Башай екеуі көңілдері жарасып, шаңырақ көтерді. Меруештің Мәдениет қайраткері екенін айта кеткеніміз артық болмас.
Уақыт өте келе Ерланның жетістікке толы жолы басталып, еңбегі жанды. Ол 2001 жылы Ш.Қажығалиев атындағы бірінші республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты атанса, 2004 жылы Н.Тілендиев атындағы республикалық дирижерлер байқауынан, 2008 жылы Н.Тілендиев атындағы халықаралық дирижерлер аламанынан жүлде алды. Ерекең сол жылдарды сағынышпен есіне алып отырады. 2008 жылы Ресей Федерациясы Татарстан Республикасындағы Н.Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын тәмамдап, өнертану ғылымының кандидаты атанғаны да толайым табыс. Дарынды жерлесіміз мұнымен шектеліп қалған жоқ. 2010 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Жыл дирижері» сыйлығының иегері атанса, 2012 жылы Бүкілресейлік А.Цыганков атындағы конкурстың лауреаты дәрежесіне қол жеткізді. Осы жылы Ш.Қажығалив атындағы ІІ республикалық дирижерлер конкурсының гран-при жүлдесін иеленгені Ерланның өнер үшін жаратылған азамат екенін байқатқандай еді.
Ерекең Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын тау» және Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операларын сахналаған. Халықаралық деңгейдегі ұйымдастырушылармен бірлесіп түркі әлеміндегі композиторларға арналған «Түрксой» концертіне атсалысып, Әзірбайжан елінің белгілі композиторы Узеир Гаджибековтің «Аршин мал алан» операсын қазақ ұлт аспаптар оркестріне ыңғайлап өңдеп, «Түрксой» халықаралық ұйымының қолдауымен Еуропа елдерінінің сахналарына алып шықты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Интер-оркестр» концерттік бағдарламаларының авторы. Шетелдерде (Еуропа және Азия елдерінде) ел тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдық мерекелік даталарына арналған концерттік бағдарламаларының ұйымдастырушысы да бола білді. 300-ден астам қазақтың күйлері мен әндерін, классикалық туындыларын, қазақ ұлт аспаптар оркестріне, эстрадалық және симфониялық оркестрлер үшін өңдегені өз алдына үлкен еңбек. Ерлан Әбдінәбиұлының еңбегі, өнердегі жолы көпке үлгі. 1996-2000 жылдары аралығында Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» этнографиялық оркестрінде тер төгіп, 2000-2007 жылдар аралығында Астана қаласындағы академиялық филармониясы халық аспаптар оркестрінің дирижері, 2007-2013 жылдар аралығында Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, 2013-2015 жылдары аралығында Астана қаласындағы академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды. Ол 2015 жылдан бері отбасылық жағдайына және денсаулығына байланысты Қарағанды қаласына қоныс аударып, жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып жүр. Өмірлік серігі Меруеш екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеуде. «100 жаңа есім» жобасына қосылып, бағалануым – мен үшін өте үлкен жетістік. Елбасының қабылдауында болған сәттерім – өмірдегі ең бақытты кезеңім. Алдағы уақытта да сенім үдесінен шығып, қазақ елінің дамуына өз үлесімді қоса берсем деймін. Енді сахнаға қайтадан оралып, шығармашылық жетістіктерге қол жеткізуді көздеп жүрмін», – дейді Ерлан Бақтыгерей.
Есет Досалы