Бірегейлікке үндеген этномәдени бірлестіктер
Бірегейлікке үндеген этномәдени бірлестіктер
Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының қолдауымен «Біз Қазақстан халқымыз» атты облыстық этномәдени бірлестіктерінің фестивалі өтті. Онда облыстық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен Тараз қаласының әншілері өнер көрсетті. Өткен жылда атқарылған жұмыстарды саралаған жиында облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева өңірдегі бірегейлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін мекеме жанынан құрылған ақсақалдар, аналар кеңестерінің мүшелері мен ғылыми-сараптамалық топ, медиация институтының өкілдері және шығармашылық ұжымдар, этномәдени бірлестіктер мен спикерлер, «Ақжелкен» жастар лигасының белсенділерін әртүрлі номинациялармен марапаттады. Жыл үздігі атанғандар арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының идеясын БАҚ-та жариялаған қаламгерлер де бар. Жалпы, этномәдени бірлестіктер өткен жылы өңіріміздегі саяси-қоғамдық мәні зор істердің басы-қасынан табылып, ауызбіршілік танытты. Көптеген игі істерге бастамашы болып, белсенділігімен көзге түсті. Соның бірі – «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Қайырымды жан – 2017» акциясы. Қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері акцияға кәсіпкерлерді көптеп тартып, акция барысында жиналған барлық қаржыны науқас балаларға үлестірді. Нақтырақ айтсақ, облыстық балалар ауруханасында түрлі диагнозбен ұзақ уақыт емделіп жатқан мүмкіндігі шектеулі 5 қамкөңіл бүлдіршіннің еміне 900 000 теңге бөлінді. Қаражатты шын мұқтаж жандарға берілуін қадағалау үшін Ассамблея мүшелерінен арнайы комиссия да құрылғанын айта кету керек. Соның нәтижесінде науқасының диагнозына қарай Д.Потаповқа 150 мың, нейросенсорлық керең ауруына шалдыққан Х.Санахунға 300 мың, мүмкіндігі шектеулі балғындар А.Рысбай мен А.Нұрмағамбеттің әрқайсысына қосымша ем-домына деп 150 мың теңгеден берілді. Ал «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі М.Давришев қайырымдылық акциясына үлес қосып, бір өзі 200 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Таласбек Омаровтың айтуынша, олар әрдайым медициналық бақылауда болулары тиіс екен. «Өкініштісі – мұндай науқас балалар көп. Кейбіреуінің дерті туабітті пайда болған», – дейді дәрігер. Ардақ Үсейінова