Экономика

Еліміздегі «ЕуроХим» жобасы

Еліміздегі «ЕуроХим» жобасы

мемлекеттік жоғары марапатпен аталып өтті

Өткен жылғы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Елбасының Жарлығымен өңір азаматтарының үлкен тобы мемлекеттік наградалармен марапатталғаны белгілі. Олардың арасында «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі Еркебұлан Шәкіртұлы Мұрзағалиев те бар. Ол «Құрмет» орденін өңіріне тақты. Жалпы, мұндай марапат ел азаматтарына экономикалық, әлеуметтік, ғылым мен мәдениет, білім беру салаларының дамуына қосқан елеулі үлесі, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және қоғам өміріндегі белсенділігі үшін беріледі. Еркебұлан Шәкіртұлының да өндірістік саладағы көп жылдық еңбегі ескеріліп отыр. Өзінің алғашқы еңбек жолын Қазан химия-механикалық институтын бітіргеннен кейін Жамбылдағы «Химпром» өндірістік бірлестігінде инженер болып бастаған. Ол осында қатардағы инженерден «Союзфосфор» бүкілодақтық бірлестігінің бас инженері, өңіріміздегі бірегей химия кәсіпорны – Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директорына дейінгі барлық қызмет баспалдақтарынан өтті десе де болады. Ал «ЕуроХим» компаниясы жөнінде ерекше атап өткен жөн. Еркебұлан Шәкіртұлы – Қаратау фосфорит кенішін игеру және бірегей кешенді минералдық тыңайтқыштар зауытын салу жобасы авторларының да бірі. «ЕуроХим» ЖШС-ның болашақтағы бас директоры ретінде ол 2008-2014 жылдар аралығында Қазақстандағы «ЕуроХим» компаниясы жобасын әзірлеп, оны ойдағыдай қорғау мүмкіндігіне де ие болды. Оның тікелей атсалысуымен аталған жоба қазіргі уақытта табысты жүзеге асырылу үстінде.

«Ақ жол-Ақпарат».