Ескінің соңы, жаңаның басы...
Ескінің соңы, жаңаның басы...
Тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа 2018 жылды төрге оздырдық. Өткенге өкініп, өкпе артатын әдетіміз жоқ, қашаннан «Барға қанағат, жоққа сабыр» дейтін, алдағы күнге үмітпен қарап, жайлы жыл, бейбіт заман болуын тілейтін халықпыз. Тәубе, 2017 жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы, табысты жыл болғаны анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымыздың саф алтындай таза, мөлдір тұнығынан бастау алып, бабалар дәстүрінен нәр алған, мәні зор, мағынасы терең «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көріп, ескінің соңы, жаңаның басы болар рухани кемелдену кезеңін бастадық. Жаңа әліпбиіміз бекітіліп, өз тарапымыздан осынау тарихи шешімге қолдау білдіру ниетінде газетіміздің атауын латын қарпінде жазуды ұйғарғанымыз көзі қарақты оқырманға мәлім. Жалпы, өткен жыл ақжолдықтар үшін де өнімді жыл болғаны рас. Былтыр шыға бастағанына 95 жыл толған газетіміз әдеттегідей жыл-он екі ай бойы аптасына үш рет тоқтаусыз шығып, оған қоса сайтымыз арқылы ел тынысы, аймақ өмірінен алуан-алуан ақпаратты таратты, басылым тілшілері қоғамдағы көптеген түйінді мәселелер туралы қалам тербеп, тынымсыз еңбек етті. Әйтсе де, ғарыштық жылдамдықпен заулаған уақыт, замана көші ескі шапанымызды жаңалап киіп, сәт сайын дүниеге жаңаша көзқараспен қарауды талап ететіні айқын. Сол себепті де ғасырға жуық тарихы бар, қазақтың талай марқасқа перзенттерінің қолының табы, табанының ізі қалған қасиетті қарашаңырақ, өңіріміздің бас газеті «Ақ жол» редакциясы үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, патша көңілді оқырманға мейлінше сапалы ақпарат, сәулелі ойды жедел әрі шынайы жеткізуге тырысуда. Міне, сүйікті басылымдарыңыздың биылғы алғашқы саны жаңа дизайнда жарық көріп отыр. Уақыт ағымына қарай басылымның кескіні жаңарып, мазмұндық, сапалық жағынан толығып отыруы заңды құбылыс. Қолымызға тиген мәліметке (29.12.2017) сүйенсек, газетімізге 2018 жылға жазылым 18500 данаға жетіп отыр. Дегенмен, жыл бойғы жазылым есебінен әлі де таралымымыз көбейе түседі ғой деген сенімдеміз. Сондықтан «Ақ жол» газетіне жазылу әлі де кеш емес екенін қаперлеріңізге саламыз. Әсіресе, Тараз қаласындағы оқырмандарымыз белсендірек болса дейміз. Өйткені қала бойынша биылғы жылға газетімізге жазылушылардың саны небәрі 1712 дана болған екен. Қазір интернет дейтін игіліктің қарқындап тұрған кезінде «газет-журналдардың күні өткен» деген жаңсақ пікір айтылып жүргені жасырын емес. Баспасөздің іздеушісі – тұрақты оқырманы, қалыптасқан аудиториясы бар екенін де ұмытпаған абзал. Рас, жаңа технологиялардың қарыштап дамуымен тек газет-журналдарға ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түріне қойылар талап күшейіп отыр. Сол талап пен сенімнің үдесінен шығу үшін газет ұжымы тынымсыз еңбектене бермек. Сөз соңында, «Ақ жолға» жазылып, өңірдің тыныс-тіршілігін газетіміз арқылы оқып, біліп отырған оқырманымызға алғыс айтамыз! Жаңа жыл жақсылыққа жомарт жыл болғай!
Қуат Әуесбай