Спорт және туризм

Өңір спорты өзгеге үлгі

Өңір спорты өзгеге үлгі

 Өңіріміздегі жұмыс сапарын Парламент Мәжілісінің депутаттары, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген Ержан, Бекболат Тілеухан Тараз қаласындағы «Мәңгілік ел» монументіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Бұдан кейін «Тараз–Арена» спорт кешеніне барып, ондағы жұмыс барысымен танысты.

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бұл кешенде «Айша бибі» клубының спортшылары жаттығатынын мәлімдеп, бүгінде су добынан жамбылдық қыздар құрамасы халықаралық деңгейде жоғары жетістіктерге қол жеткізгенін айтып өтті. Сондай-ақ, осында жаттығу жиындарын өткізетін волейболшылардың (ерлер құрамасы) 2014 жылы ел чемпионы болғанын сөз етті. Жалпы, «Тараз–Аренаның» 12 залында 18 спорт түрі бойынша тәулігіне 1320 адам жаттығады екен. Мәжіліс депутаты волейбол, футбол спортына, жалпы жаттығу залдарын, бассейнді аралап көріп, спортшыларға жасалған мүмкіндікке көңілі толды. «Жамбылдықтар Елбасының қолдауын айқын сезініп отыр. Себебі, бұл – еліміздегі ең ірі спорт нысанының бірі. Мұнда тәулігіне 1300 адам жаттығады. Осының өзі – үлкен жетістік. Барлығы спортта ірі жетістікке жетпесе де, денсаулығы мықты, сергек, шымыр белсенді азаматтар болып қалыптасатыны анық», – деді Құдайберген Төлепұлы. Негізі «Тараз–Арена» спорт кешенінің ашылуы қала тұрғындарының спортқа бет бұруына ықпал еткені анық. Соның арқасында саламатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырумен айналысатындар көбейді. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдың айтуынша, Елбасының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бастамасына сәйкес бұл күнде шаһардағы тұрғындардың 28 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады екен. Бұдан кейін Мәжіліс депутаты Құдайбеген Ержан жекеменшік «Атлетик» спорт кешенін аралап көрді. Спорт кешенінің атқарушы директорының көмекшісі Азат Ағайдаровтың айтуынша, мұнда бірнеше спорт түрінен ұлттық құрамалар және облыс командалары жаттығады екен. Оларға 75 орындық қонақ үй, 75 орындық асхана сапалы қызмет көрсетеді. Жалпы, 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2014 жылы ашылған кешеннің 11 залында спорттың 20 түрі бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік бар. Бапкерлерге бөлек жатын орын көзделген. Барлығы талапқа сай, толық жағдай жасалған. Мәжіліс депутаты Қ.Ержан үлкен әмбебап спорт залын, кіші футбол алаңын, асхананы, қонақ үйді, көшедегі жаттығу алаңдарын аралап көріп, мұндағы жұмыстарға да оң бағасын берді. – Таразда осындай заманауи жекеменшік спорт кешені бары қуантады. Бұл – өңірдің ғана емес, еліміздің спорт саласы үшін үлкен олжа. Жас кезімізде волейбол, баскетбол ойнайтынбыз, сырт елдерге дейін барған едім. Ол кезде біздің спортшылардың мұндай зәулім залдарда еркін жаттығуға мүмкіндіктері жоқ еді. Мұны салған нағыз Отанын сүйетін азамат екен, – деп сөзін түйіндеді Құдайберген Төлепұлы. Мәжіліс депутаты өңірімізге келген жұмыс сапары барысында көптеген кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралайды деп күтілуде. Жұмыс кестесі бірнеше күнге жоспарланған.

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы.