Мәдениет

Тауық жылының танымал фильмдері

Тауық жылының танымал фильмдері

«Rotten Tomatoes» сайты тауық жылының ең танымал фильмін атады. Дауыс беру нәтижесі бойынша бірінші орынды хоррор жанрында түсірілген Джордан Пилдің «Прочь» фильмі алды.  Кино 300-ге жуық киносыншылар тарапынан 99 пайыз дауыс жинады. Туындыны көрермендердің 87 пайызы жоғары бағалады. Фильмнің сюжеті ақ нәсілді сүйіктісінің бай ата-анасымен танысқан қара нәсілді фотографтың өмір өткелдеріне негізделген. Жас жігіттің сапары тірі қалу үшін үлкен күреске айналады. Өйткені оның сүйіктісінің отбасы нәсілшілдікті қатты ұстанады.

Екінші орынға 242 сыншы тарапынан 98 пайыз, көрермендерден 89 пайыз дауыс алған Майкл Шоуолтердің «Любовь» фильмі жайғасса, «Дюнкерк» фильмі 92 және 82 пайызбен үздік үштікті қорытындылады. Ары қарай ондыққа «Керемет әйел», «Леди Берд», «Логан», «Жұлдызды соғыс: Соңғы джедаи», «Малыш на драйве», «Коконың құпиясы» және «Тор: Рагнарек» фильмдері кірді. Ал Қазақ кино өнері биыл қандай фильмдермен толықты? Білуімізше, 2017 жылы Қазақстан кино әлеміне 30-дан астам туынды қосылған. Олар көрермендер тарапынан қандай бағаға ие болды, қанша ұпай жинағанын сараптап көрдік. Бұл тізімді режиссерлер Виталий Кистанов, Фуркат Файзиевтердің «Тағы бір күн» драмасы бастап тұр. Прокатқа 5 қаңтарда шыққан фильм көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы. Еліміздегі киноафиша жарияланатын kino.kz сайтында фильм 8.99 балл жинаған. Екінші орынды 8.49 ұпай еншілеген Руслан Акунның «Анамды іздеймін» атты картинасы иеленген. Ал, 8.17 балл жинаған Мейірім Арғымбаева мен Нәзия Назарбектің «Мен сені сүйем, Ақерке!» атты шығармасы үздік үштікті түйіндеген. Сондай-ақ бұл баллдық бағалаудың ондығында режиссер Асқар Ұзабаевтың «Келін де адам баласы», Виктор Бормотовтың «Бәрі де күйеуден», Асқар Бисембиннің «Наурыз.kz», Ернар Нұрғалиевтің «Брат или брак» комедиялары, Данияр Саидтың «Соқыр махаббат», Рашид Сүлейменовтің «Арман» драмалары бар. Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы. Алмас Қылыш» тарихи драмасы, Сәбит Құрманбековтің «Оралман» картиналары да көрерменнің жақсы бағасына ие болған. Айта кетейік, Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ бұл туынды Германияда өткен 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінде үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды. Ал келесі жылдың басынан бастап фильмі Италияда прокатқа шығатын болады.

Интернет материалдары бойынша дайындаған Жанғазы АХМЕТ.