- Advertisement -

Жанға жайлы Айша бибі шипажайы

489

- Advertisement -

Бұл табиғаттың адамзатқа берген иен байлығының, сыйының көбін айтсаңызшы. Жамбыл ауданындағы Қызылтаң ауылы маңындағы кіші Ақкөл көлінің балшығының емдік қасиеті бары көптен бері айтылып жүретін ел аузында. Бекер емес екен. Мамандар да оның құрамында адам денсаулығын нығайтуға аса қажет минералдар мен микроэлементтер барын растағаннан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тікелей тапсырмасымен қыркүйек айында осы жерден «Айша бибі» шипажайы ашылған еді. Содан бері төрт айдың ішінде сол емдеу-сауықтыру орталығына 7 ауысымда келген 700-дей тұрғынның Ақкөлдің «байлығы» жанына шипа, сырқатына дәру болды.

– Мұның бәрі облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылды. «Айша бибі» негізінен тірек-қимыл қозғалыс жүйесі ауруларын емдеуге арналған. Осы төрт айдың ішінде шипажайға емделуге келген науқастардың арасында 13 күнде таяғын тастап кеткендер де болды. Қазірдің өзінде сырттан сұраныс көп. Ақтау, Алматы, Астана қалаларынан келіп, ем қабылдағандар да бар. Енді келер жылға 1440 адамға мемлекеттік тапсырыс беріледі деп күтілуде. Басқа өңірлерден сұраныс көп, сондықтан ақылы қызметті жандандыруымыз керек. «Айша бибі» шипажайы ашылып, көптеген адам сырқатынан сауығуда. Сонымен қатар, 151 жаңа жұмыс орнының ашылды. Осының өзі – өңір тұрғындарына үлкен көмек, – дейді шипажайдың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Хамиди Шаухаров.

Өңір басшысы кіші Ақкөлден 40 шақырым қашықтықтағы бос тұрған ғимаратқа өзінің бастапқы мақсатты функциясын қайтарып, емдеу-сауықтыру шипажайына айналдыру бастамасын көтеріп, тиісті сала басшыларына арнайы тапсырма берген болатын. Нәтижесінде «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында 520 миллион теңгеге осы нысан толық күрделі жөндеуден өткізіліп, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға 354 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген еді. Міне, енді 120 орынға лайықталған шипажай ел игілігіне жарап, қызмет көрсетуде.
Хамиди Сұлтанқұлұлының айтуынша, мұнда қыс-жазға қарамай, ем-шаралары жүргізіле береді екен. Жыл бойы жұмыс жүргізу үшін жылу жүйесі, басқа да мүмкіндіктер қамтамасыз етілген. Келушілер 5 мезгіл тамақтандырылады. Басқа шипажайлардағыдай заманауи құрылғылардың көмегімен емдеу шараларының көптеген түрі көрсетілетін көрінеді. Мамандар емдік қасиеті бар балшықтың көлемі 50 мың шаршы метр аумақты алып жатыр дейді. Бұл дегеніміз – балшықтың қоры әлі талайға жетеді деген сөз.

Ардақ Үсейінова

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support