Әлеумет

Малайзия мемлекетінен жүлделі оралды

Малайзия мемлекетінен жүлделі оралды

Жуырда ғана Малайзия мемлекетінің астанасы Куала-Лумпур қаласының «Genting lnternational Convention Centre» базасында «ЮСМАС» академиясының ұйымдастыруымен ментальды арифметика бағдарламасы бойынша халықаралық жарыс болып өткен еді. Білім бәсекесіне Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Нұрмұхаммад Атымтай қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. 

Осымен 22-рет ұйымдастырылып отырған халықаралық жарысқа тұңғыш рет қатысып, әлемнің 45 елінен келген 3000-нан аса оқушының ішінен үздіктер қатарынан көрінген жерлесіміз небәрі 8 жаста екен. «ЮСМАС» халықаралық ментальды арифметика академиясының Шу ауданы бойынша кураторы, халықаралық модератор Айнұр Айтуарованың айтуынша, оның жылдам есептеуді үйрене бастағанына аса көп уақыт бола қоймапты. Бір жылдың ішінде аудандық және облыстық іріктеулерден іркілмей өтіп, республикалық кезеңде бірінші орынды жеңіп алады. Сөйтіп, Малайзияда өтетін халықаралық деңгейдегі жарысқа жолдама алады. Халықаралық бәсекенің талабы бойынша әр қатысушы 8 минутта 200 есепті шығарып үлгерулері қажет екен. Нұрмұхаммад зейіні мен байқампаздығының және ойша есептеудегі шапшаңдығының арқасында үш мыңнан аса оқушының ішінен оқ бойы озық шығып, жоғары көрсеткішке қол жеткізіпті. 8 жасар Нұрмұхаммад болашақта ғарышкер болып, аспан әлемін зерттеуді армандайды екен. Әкесі Батырхан да ұлының жаратылыстану ғылымдарын үйренгенін қалайды, сол үшін математиканы толық меңгерсе дейді. – «ЮСМАС» халықаралық ментальды арифметика академиясы жайлы алғаш рет теледидардан естіп, үш баламды да сол үйірмеге беруді ұйғардым. Міне, бір жылдың ішінде кіші ұлым Нұрмұхаммад үлкен жетістікке жетіп отыр. Малайзиядағы жарыста төрешілердің ұлыма көрсеткен қошеметін көріп, өзімнің ең бақытты әке екенімді сезіндім. Қазір ол – «Elementary B» деңгейінің кіші тобындағы ел чемпионы. Куала-Лумпурдегі жарыстан екінші орын алғаннан кейін оған келесі жылы Иран мемлекетінің Тарбизде қаласында өтетін 23-халықаралық жарысқа жолдама берілді, – дейді Батырхан Атымтайұлы. Халықаралық деңгейде 22 мәрте ұйымдастырылып отырған бұл жарысқа еліміз биыл 5-рет қатысуда. Бұған дейін ХХ байқауда 12 мың қатысушының арасынан қазақстандық жас таланттар 5 алтын иеленсе, 2016 жылы Дубайдағы кезекті жарыста 12 алтынға қол жеткізіпті. Ал ағымдағы жылы Иорданияда өткен 9-ұлттық жарыста еліміздің құрамасы түрлі біліктіліктер бойынша 1 алтынды қанжығасына байлаған. Міне, енді Малайзиядан да олжамен оралып отыр. «ЮСМАС» халықаралық ментальды арифметика академиясы өткізген жарыстары жөнінен әлемдік «Limca Book of Records» рекордтар кітабына енген. Бүгінде академияның орталықтары Қазақстанның барлық аймақтарында жұмыс істейді. «Қазір мұндай орталықтар жас жеткіншектердің есепке деген қабілетін ояту мақсатында ауылды жерлерде де құрылып жатыр», – дейді академияның Шу ауданындағы кураторы Айнұр Мергенбайқызы. Ал бір ғана Шу ауданының өзінде бүгінгі күні осы бағдарлама бойынша 40-тан аса оқушы білім алады екен.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.