Саясат

Қазақстан Корей түбегін болашақта біріктіру идеясына қолдау білдіреді - ҚР Президенті

Қазақстан Корей түбегін болашақта біріктіру идеясына қолдау білдіреді - ҚР Президенті

Қазақстан Корея Республикасының Корей түбегін болашақта біріктіру идеясына қолдау білдіреді. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге алғашқы мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Бүгін шағын құрамдағы келіссөздер барысында біз сізбен екіжақты, өңірлік маңыздағы тақырыптардың кең ауқымын талқыладық. Бірқатар халықаралық мәселелердегі біздердің ұстанымдарымыздың ұқсастығын білдірдік және тығыз сұхбаттастықты жалғастыруға уағдаластық», - деді Елбасы.

Н.Назарбаев Корея небәрі екі буын алмасқан уақыттың ішінде  экономикалық таңғажайып әрекеттерге барып,  кедей аграрлық елден әлемнің үздік жиырма державасының қатарынан орын алғанын атап өтті.

«Біздің ынтымақтастығымыз белгілі бір жоғары деңгейге көтерілді. Біздің энергетика, автомобиль жасау, машина жасау, құрылыс, тау кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау, сонымен бірге білім мен ғылым салаларындағы өзара іс-қиылдарымыз жоғары деңгейге ие. Тауар айналымы 1,5 млрд. АҚШ долларына  жетті.  Мен сіздің осы жолғы сапарыңыз нәтижесінде біздер мен сіздердің экономика мен саясаттағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеретіндігімізге сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Н.Назарбаев Корея Республикасының Солтүстік Кореяның ядролық қаруға ие болуына қарсылығына және болашаққа корей түбегін біріктіру идеясына мығым қолдау білдіретіндігін баса айтты.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz