Саясат

Шуда 75 пәтер ел игілігіне берілмек

Шуда 75 пәтер ел игілігіне берілмек

Өңірімізде тұрғын үй құрылысын жандандыруға барынша басымдық беріліп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы аудандардың да ажары арта түсуде. Бұрын ірі өндіріс ошақтарының маңына шоғырланып, уақыт өте құлдырауға ұшыраған қалалардың бүгінгі бейнесі тіптен басқа. Қазір шағын қалалардан тұрақ тапқысы келетіндердің саны көп. Оларды баспанамен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр.

Мәселен, Шу қаласында келесі жылдың қыркүйек айында «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында «Жетісу» алқабындағы 75 пәтерлі №4 тұрғын үй жергілікті тұрғындардың шаттық шаңырағына айналатын болады. Қазір онда қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.

Іргетасы өткен ғасырдың екінші жартысында қаланған, әбден тозығы жеткен апатты үйлерді жаңғыртудың оңай шаруа емес екендігі түсінікті. Бүгінгі күні аталған тұрғын үй алқабын қалпына келтіру жұмыстарымен «НИК Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр. Серіктестік директоры Сәбит Шоқатаевтың айтуынша, құрылысшылар №4 үйдің іші-сыртын тазартудың өзіне қыруар күш жұмсапты. – Ұзақ уақыт ешкім тұрмаған соң, тұрғын үй қоқыс алаңына айналып кеткен. Ондағы қолқаны қабар қолаңса иісті кетіріп, қоқысқа толып қалған бөлмелерді тазартып, сыртқы және ішкі әрлеу, есік, терезе, электр қуатын орнату сынды ішкі инженерлік жұмыстардың барлығын межелі уақытқа дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарын қолға алған 4 ай ішінде облыстық қазынадан қаралған 98 миллион 448 мың 324 теңге бүгінгі күні толығымен игерілді. Арнайы келісімшарт негізінде келесі жылы қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға жергілікті қазынадан тағы 292 миллион 386 мың 534 теңге қаражат бөлінбек. Ал нысанды тұрғындарға тапсыру мерзімі келесі жылдың қыркүйек айына дейін жоспарланған, – дейді ол. Жергілікті тұрғындар арасында «әскери қалашық» аталып кеткен «Жетісу» тұрғын үй алқабында №4 үйден бөлек, төрт бірдей көп қабатты үй орналасқан. Қанатқақты жоба ретінде №4 тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған жергілікті билік алдағы уақытта ондағы барлық үйді тұрғындар игілігіне беруді жоспарлап отыр. «Мұнда 3 бөлмелі 13 пәтер, 2 бөлмелі 44 пәтер және 1 бөлмелі 18 пәтер бар. Бүгінгі күні алқаптағы қалған көп қабатты 3 үйдегі пәтерлерді мемлекет меншігіне өткізу жоспарлануда. Олардың барлығында да 75 пәтерден бар. Тиісінше, алдағы уақытта бір ғана алқаптағы құрылыс жұмыстарын жүйелі жүргізу арқылы 300 тұрғынды баспанамен қамту мүмкіндігіне ие боламыз. Қазіргі кезде ауданда 600-ге жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ескі тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру арқылы тұрғындарды пәтермен қамту мәселесі рет-ретімен шешілмек. Мұндағы қоныстанушылардың алғашқы легі келесі жылдың шілде айында келе бастайды», – дейді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Жанбаев. Осындай игі бастамаларды қолға алған жергілікті билік өкілдері тұрғындардың тілегін қанағаттандыруға тырысуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса берсе, шырайлы өлкедегі баспана мәселесі көп күттірмей өз шешімін табары сөзсіз.

Шу ауданы.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН