Құлан қалашығы туристік орталыққа айнала ма?
Құлан қалашығы туристік орталыққа айнала ма?
Қазаққа ғажап құт болып қонған азаттыққа қол жеткелі жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жанды. Шүкір, тәуелсіздіктің арқасында қойнауына ғасырлар құпиясын бүккен тарихи мекендеріміздің тұңғиығына үңіліп, өткенімізді таразылайтын деңгейге жеттік. Аласапыран заманда алас-күлес күйге түскен қазақ үшін бұл кезінде арманға айналмап па еді?! Бүгін сол қол жетпестей көрінген асыл мұрат, асқақ арман орындала бастады. Тарихтың таңбалары мен бабалар мұрасы жасырынған, қасиет дарып, құт қонған қазақ даласының қай қиыры да құндылықтарға бай. Ықылым заманның естелігіне айналған жәдігерлердің адамзат тарихындағы орны да ерекше. Жон-жотаның, қыр-қыраттың қойнында қалған, мидай жазық дала төсіндегі құндылықтарды аршып, оны зерделеу де елдіктің ерен үлгісі. Бабалар аманатының орындалуы. Байырғы бабалардың ерлікке толы жорықтары мен жолы, дәстүр-салты сайын даланың құшағында қалған-ды. Енді сол дәуірлер құпиясы қайта ашылып, қазақтың ғажабы таныла түсті. Әлбетте, әр жылдардың тарихи тізбегі сабақтаса келіп, тұтас тарихты құрайтыны әлімсақтан аян. Оны жаһан жұрты да танып, сақ пен ғұнның мекеніне айналған қазақ даласының бағасын да беріп үлгерді. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне елімізден сегіз тарихи-мәдени ескерткіш енсе, соның бесеуі Жамбыл жеріне тиесілі. Сол ескерткіштердің бірі әрі бірегейі – Тұрар Рысқұлов ауданы аумағындағы Құлан қалашығы. Сонадайдан менмұндалап көзге түсетін биік төбенің қатпарында қанша тарих жатыр десеңізші. Қалашық қойнауындағы тарихты тану мақсатын көздеген тарихшы-өлкетанушы В.Бартольд ХІХ ғасырдың аяқ тұсында алғаш зерттеу жұмыстарына кірісті. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштерді зерделеу экспедициясына қатысқан суретші Дудин Тарты (Луговое) арқылы өтіп бара жатып былай деп жазған: «...жолды қиғаш кeciп өтіп, екі қабатты үлкен төбеге тірелетін онша биік емес ұзын (жарты шақырымдай) үйінді жалды байқамау мүмкін емес. Төбе «Элипс» тұрпатты және онша терең емес ормен қоршалған. Елді мекеннен және үйінді жалдан шығысқа қарай шақырым жерде бір-біріне параллельді созылғaн екінші үйінді жалдың іздерi кездеседі». Сондай-ақ ол көне құрылыстардың қалдығы болып табылатын төбешіктер туралы да ой қозғаған. Кезінде зерттеушілер құт қонған мекенді бip ауыздан Жетісудың ортағасырлық белгілі қаласы Құланмен теңестірген. Құлан қаласы алғаш рет жетінші ғасырдың бірінші жартысына жататын жазба деректерде кездеседі. Қытай тақуасы Сюань-Цзяньның жол бағдарламасында және Тан династиясының тарихында қала Цзюй-лань деген атпен аталған көрінеді. Мұндағы қазба жұмыстары негізінен 2015 жылы басталған-ды. Тарихи деректерде Құлан ірі қала аталғандықтан, қазіргі таңда оның тереңіне бойлаудың мәнісі де зор. Сондықтан болар, қалашықтағы жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. «Сабақты ине сәтімен» демекші, құтты мекендегі зерделеу ісі биылғы жылы да жалғасып, тамыз айында тоқтады. Біраз уақыт бұрын жолымыз түскенде археологиялық жасақ басшысы Серік Ақылбек Құланның сан қатпарлы тарихы жайлы деректерді жайып салды. «Құлан қала жұртындағы қазба жұмыстарын орталық бөліктен бастағанды жөн деп білдік. Мұнда үш қала құрылысы бар екені мәлім болды. Жоғары қабаттан XVII-XVIII ғасырларға жататын зиратты байқадық. Әсілінде ислам дінінде адамды биік жерге жерлеу дәстүрі ежелден бар. Сол танымға салсақ, мұнда ислам дінін қабылдаған адамдар болған болуы мүмкін деген болжам ойға оралады. Қалашықтың екінші құрылыс қабаты ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қарахан дәуірімен сабақтас. Қазіргі кезде дәуір тұлғаларының бөлмелері ашылып, бірқатар жайттар мәлім бола бастады. Ал үшінші қабат хан сарайы болуы ықтимал. Мұнда ғибадатхана орны аңғарылады. Жекелеген екі бөлме көзге түседі. Оның солтүстік-батыс бөлігінде дәліз бөлме бар екен. Қабырғалар ақ бояумен әдіптеліп, сан қилы бейнелермен көмкеріліпті. Осы жерде кісі бейнелері мен батырларға тән киім киіп, тұлпарға мініп қолына қылыш ұстаған адамдардың суреттері ұшырасады», – дейді ол. Ғибадатхананың солтүстік-шығыс қабырғасы мен оңтүстік-батыс қабырғасы саздан жасалған ою-өрнектермен әдіптеліпті. Тағы бір қызығы қабырғалардың астыңғы және үстіңгі бөліктеріне жүзімдер мен жапырақтар бейнеленіпті. Археолог Қуаныш Шоқаевтың айтуынша мұндағы хан бөлмесінде адам отыратын орындарға баспалдақ арқылы көтеріліп шығатын болғанға ұқсайды. Болжам бойынша ол орындарда уәзірлер отырған көрінеді. Сонымен қатар бөлмені жарықтандыру мақсатында шам орналастыру үшін арнайы ойықшалар да жасалыпты. Сондай-ақ археолог келешекте Құлан қалашығынан ашық аспан астындағы мұражай салу керектігін де айтып қалды. Оның ойынша алдағы уақытта ғылыми жаңалық ашылатын секілді. Ал Құлан қалашығы келешекте туристік орталыққа айналуы бек мүмкін. Онда бірқатар жұмыстар жемісті жүргізілгенімен, шаруа толығымен қашан аяқталатыны беймәлім. Өйткені қазба жұмыстары қарқын алған сайын тың деректер табылып жатыр. Тарихи орыннан табылған құмыралар, леген кейпінде жасалған дастархан бөліктері төл тарихымыздың байлығы іспеттес. Археологтар мұндай жәдігерлердің табыла түсетініне әлі сенімді. Бүгінгі таңда белгілісі, әзірге 2018 жылға қазба жұмыстарын жүргізу үшін республикалық қазынадан қаржы қарастырылмапты. Әйткенмен, «Ежелгі Тараз» ТМҚМ-ның бөлім басшысы Алмас Мұхтаровтың айтуынша, республикалық бюджеттен қаржы қарастырылуы немесе грант арқылы қаражат бөлінуі мүмкін. Құландағы қазба жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйткенмен қалашықтан туристік орталық жасай аламыз ба, жоқ па, ол ертеңгі күннің еншісіндегі іс.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Т.Рысқұлов ауданы.