Саясат

«Тәуекелшіл адам табысқа жетеді»

«Тәуекелшіл адам табысқа жетеді»

Әбдібек ПОШҚАЕВ:

Облыс орталығында ғана емес, ауданда, ауылда жүріп-ақ абыройлы еңбек етіп, өз кәсібін бастап, оны аяқтан нық тұрғызу, сол арқылы ел дамуына үлес қосу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Еңбекке бейім, елжанды, тәуелсіз елдің тәуекелшіл нағыз азаматы ғана солай ете алса керек. Жуалылық Әбдібек Пошқаев – сондай жан.

Ол 2012 жылы тоқтап тұрған ірімшік зауытын өз қаржысымен қайта іске қосып, маркетинг жүйесін кеңейтіп, өнімнің түрі мен өнімділігін арттырды. Білікті басшы мамандарының кәсіби біліктілігін ұдайы шыңдауының арқасында сүт өнімдеріне тапсырыс беретін сауда орындарының саны артып, зауыт өнімдері тіпті Ресейге экспортқа шығарыла бастады. Бұл, сөз жоқ, Әбдібек Үйкекбайұлының табанды еңбеккештігінің арқасы. ...Еліміздің еңсе көтеріп, егемендік алуына елеулі үлес қосқан тұлғалар аз емес десек, оларды ұрпаққа ұлықтап, ізгілікті істерін насихаттауда түрлі шаралар атқарылып жатқанын да айтып өткен жөн. Соның бірі – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы. Қазақстанның жаңа заманғы келбетін қалыптастыруға ұмтылған тұлғалардан құралған сол «100 жаңа есімнің» қатарынан Әбдібек Пошқаевтың аты-жөні айрықша орын алды. «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең... Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. Елбасы мақаласындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» деген жолдар жобаның болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтаса керек.

Әлбетте, айтулы жобаға қатысқан мыңдаған азаматтар арасынан суырылып шығып, үздік жүздікке іліну, жеңімпаз атану – зор абырой. Ендеше, ол тек жоғарыда аталған серіктестік басшысының ғана емес, барша жуалылықтардың, күллі жамбылдықтардың мерейі, қуанышы. Бүгінде аудандағы алдыңғы қатарлы өндіріс орны саналатын ұжымның басшысы әрі сүт кластерінің дамуына айрықша үлес қосып отырған кәсіпкердің еңбек жолы тағылымға толы. Әбдібек Үйкекбайұлы алғашқы еңбек жолын Ленин атындағы колхозда қарапайым жүргізуші болып бастаған. 2002 жылы «Бурный ірімшік зауытына» жұмысшы болып орналасады. 2000-жылдардың соңында зауыт белгілі себептермен жұмысын тоқтатады. 2014 жылы Әбдібек Пошқаев зауыт жұмысын өзі қолға алып, заманауи жаңа қондырғыларды іске қосуының және білікті кадрлардың еңбегінің нәтижесінде аталған кәсіпорын бүгінде толық қуатымен тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Сүт өнімдерінің көптеген түрін шығаратын зауыттың экологиялық таза өнімдері облыстың барлық сауда нүктелері мен еліміздің өзге де өңірлерін қамтып отыр. Зауыт өндіретін жоғары сапалы сүт өнімдері Ресей тұтынушылары арасында да үлкен сұранысқа ие, бизнес саласының ұңғыл-шұңғылына жетік, іскер азамат зауытты биік жетістіктерге жетелеумен келеді. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Еліміздің кәсіпкерлік саласындағы сындарлы сын – «Алтын сапа» байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы. Зауыт жұмысына берілген өзге де марапаттар жетерлік. – Мен де бала болып, мектепте оқып, білім алдым. Сол кездегі балалардың арманы жүргізуші болу еді. Арман, мақсат қуып техникалық білім алсам деген ниетпен Шымкент қаласына бардым. Өкінішке қарай, ондағы политехникалық институтқа оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтуға намысым жібермей, сол қаладағы техникалық училищеге жүргізуші мамандығына түстім. Міне, содан бері талай уақыт өтті. Өмір ағымы, заман сұранысы мені бәрібір осы кәсіпкерлік саласына алып келді. Қиыншылықтар болды. Бәрін еңбектің, табандылықтың, халықтың қолдауының арқасында еңсердік. Қазіргі оқушылар мамандық таңдағанда сот, прокурор және басқа да мамандық иесі болсам дейді. Бұл – қате түсінік. Олар техникалық мамандықты таңдағаны жөн. Біздің қазіргі қоғамға, өндіріс ошақтарына білікті технолог, инженер, электрші, дәнекерлеушілер керек. Сіздерге бір мысал айтайын. Мен басқаратын сыр зауытын алсақ, бізде жұмыс істейтін технологтің айлық жалақысы менің жалақымнан әжептәуір жоғары. Осыдан-ақ ой түйе беруге болады ғой, – деген кәсіпкер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен болған кездесу өте әсерлі өткенін айтып, әңгімеледі. Ол бұған дейін де Елбасымен екі рет кездескен екен. Кездесуден алған әсері оны одан әрі қанаттандырып, өз ісіне деген сүйіспеншілігін еселей түсіпті. Кез келген адам елі үшін, жері үшін қандай да бір сауапты іс тындыруға ұмтылады. Әрбір адам үшін туған елі мен кіндік қаны тамған атамекенінің өсіп, өркендеуіне атсалысуы мерейлі міндет десек, осы жолда тер төгіп жүрген Әбдібек Пошқаевтың еңбегі мен есімін өсер ұрпаққа үлгі ретінде танытуға әбден лайық.

Жанғазы АХМЕТ