Саясат

Тәуелсіз елдің бақытты ұландары

Тәуелсіз елдің бақытты ұландары

IMG_1540

Жаңа жыл – балалардың тағатсыздана тосып, Аяз ата, Ақшақармен қауышуға, жасыл шыршаны сәндеп, абаттандыруға ерекше көңіл-күймен кірісетін шат-шадыман шағы. Сондықтан бұл мерекеде жылы-жұмсақтың барлығы балаларға арналып, ән-жырдан шашу шашылады. Баласағұн атындағы орталық концерт залында өткен Президенттің Жаңа жылдық шыршасы балғындардың езуіне күлкі, көңіліне шаттық сыйлап, әдемі әсерге бөледі. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, балалардың қуанышын бөлісті. «Асқақ ордам – Астанам» тақырыбында өткен мерекелік кешке облысымыздың аудандары мен Тараз қаласынан 200 бала арнайы шақыртылыпты. Олардың дені жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндер. Оқуда үздік атанып, үлгілі тәртібімен көзге түсіп, талантымен танылған олар Елбасы шыршасына қатысу мүмкіндігіне ие болған. Зал іші жаңа жылдық көңіл-күйге сай безендірілгені, қызылды-жасыл жылтырақтармен көмкеріліп, қыс мезгілінің аппақ келбетін елестететін күйде ажарландырылғаны балаларды бейне бір ертегі әлеміне түсіп кеткендей әсер кештірді. Бәйтерек, Хан шатыр ғимараттарының шағын кескіндемелері мен «Мәңгілік Ел қақпасы» орнатылғаны тіпті ерекше көрік беріп тұрды. Үлкен экран арқылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, оқуда озат, тәртіпті, білімді де білікті азамат болып өсуге шақырды. — Қымбатты балалар, Жаңа жыл баршамызға мерейлі мейрам, жақсылық жаршысы. Бұл — ең алдымен балалардың мерекесі, кішкентайлардың қуанышы. Сендер тәуелсіз елде өсіп жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар. Мен өздеріңді және еліміздегі барлық балаларды Жаңа жылмен шын жүрегіммен құттықтаймын. Асқақ армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендей беріңдер. Жаңа жылдарың құтты болсын! – деді Мемлекет басшысы. Бұдан соң облыс басшысы Елбасы сыйлығын балаларға тапсырып, шаттықтарын еселеді. Өзге де кішкентай қатысушылар үлестірілген сый-сияпатқа ие болып, жүздері бал-бұл жайнады. Ғажайып шара барысында түрлі ойындар ойнатылып, ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен қызықты көріністер көрсетілді. Ән айтылып, би биленді. – Маған қатты ұнады. Аяз ата, Ақшақармен болған ойындарымыз қызықты өтті. Елбасының құттықтауына, сыйлығына бәріміз қуандық, – дейді Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы №29 орта мектептің оқушысы Дана Сәрсен. Ал Сарысу ауданы, Досбол ауылынан келген бүлдіршін Құрманғазы Нұрдәулет алған әсерін достарына мақтана айтып баратынын, осындай думанға барлық бала қатысса деген тілегін жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.