«Көкқиядағы» алтын кеніші
«Көкқиядағы» алтын кеніші
Алдағы бес жылда 1 тонна 750 кило Доре құймасын өндіруді межелеуде
Ауданда мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының екінші бесжылдығында үш бірдей ауқымды жобаны жүзеге асыру көзделген. Өңірдің Индустрияландыру картасына енгізілген аталған өндірістік нысандардың бүгінде екеуі іске де қосылған.
Оның бірі – «Golden Compass Capital» АҚ (басқарма төрағасы – Азамат Набенов) жүзеге асырған жобалық құны 8 миллиард теңгені құрайтын, бір тонна кеннен 1,5 грамм таза алтын өндіру әлеуетіне ие пайдалы кен қазбаларын өндіру, өңдеу жобасы. Қорағаты ауылдық округі аумағындағы «Көкқия» шатқалында орналасқан алтын кенішінде бүгінде барлығы 150 адам вахталық режімде жұмыс істейді. Олардың басым дені – жергілікті тұрғындар. Орташа айлық жалақылары 90-100 мың теңге көлемінде екен. Мұнда жұмысшыларға мейлінше қолайлы тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлар жасалынған. Мезгілімен ыстық ас та беріледі. Айта кету керек, бұл кеніш орны 2012 жылғы сәуір-тамыз айларында «Golden Compass Jambyl» компаниясы жүргізген геологиялық барлау жұмыстары барысында анықталған. Аталған компания алтын өндіру жобасын жүзеге асыру үшін осы мақсатқа бірден үш миллион доллар көлемінде қаржы бөліп, тиісті қондырғылар сатып алып, қымбат бағалы металды өндірістік жолмен өндіріп, өңдеудің дайындық жұмыстарын да бастап кетеді. Сарапшылар «Жамбыл алтынының» жалпы қоры 300-350 тонна деп бағалауда. Алайда бұл санның өңіріміздегі геологиялық тұрғыда әлі де жеткілікті барланып, зерттелмеген алтын кеніші орындарын игеру есебінен айрықша елеулі түрде ұлғайтылуы да әбден мүмкін. «Көкқиядағы» алтын кеніші – соның бір нақты айғағындай. Кәсіпорын жұмысын бастаған 2015 жылдың өзінде оң нәтижеге қол жеткізіпті. «Көкқиялықтар» Тәуелсіздік мерекесін лайықты еңбек тартуларымен қарсы алып отыр. Мұнда биылғы 11 айдың ішінде 1572,6 миллион теңгенің 207 кило өнімі өндірілген. Алдағы меже бұдан анағұрлым жоғары. Атап айтқанда, алтын кенішінде өндірістік өнім көлемі біршама ұлғайтылып, 2018-2022 жылдар аралығында 17 миллиард 160 миллион теңгенің 1 тонна 750 кило Доре құймасы өндірілуі болжамдалып отыр. – Бүгінде осы және Малдыбай астық қабылдау пунктінде ашылған құрама жем зауыты жобасының ел игілігін көріп те отыр. Бұдан басқа «Agile Solar» ЖШС-ның қолға алуымен күннен сағатына 29 МВт электр қуатын өндіретін стансаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауданда 1000 гектарлық көлемді қамтитын еліміздегі ең ірі фермерлік кешенді алаң «Құлан» агропаркінің іргенегізі қаланды. Ежелден мәдени-тарихи ескерткіш орындары мол, табиғаты да ерекше көркем Құлан жері таяу жылдарда аграрлық һәм өндірістік салалары өркендеген өңірге айналатынына бек сенімдіміз, – дейді бұл тұрғыда аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұржан Алкереев. Осылай Құлан өңірінде де өндірістік нысандар құрылысы құлашын кеңге жая түсуде.
Баймаханбет АХМЕТ
Т. Рысқұлов ауданы.