Спорт және туризм

Бүкіләлемдік бокс сериясы ақпанда басталмақ

Бүкіләлемдік бокс сериясы ақпанда басталмақ

Бокстан бүкіләлемдік бокс сериясының кезекті маусымы ақпан айында жалауын желбірететін болды. Бұл сында доданың үш дүркін жеңімпазы «Астана арландары» командасы бақ сынайтыны белгілі. Өткен маусымның ақтық сынында «Куба қабыландары» командасын ұтып, үшінші рет жоба жеңімпазы атанған «Астана арландары» командасы жарыстың топтық кезеңінде Азия құрлығындағы Қытай, Ресей командаларымен және үндістандық құрамамен кездеседі. Үндістан елі бұл жарысқа алғаш рет боксшыларын қосқалы отырғанын да айта кеткен жөн. Аталмыш елдің өрендері өзбекстандық боксшылардың орнына жарысқа жіберіліп отыр. Байрақты бәсекеге Еуропа құрлығынан Хорватия құрамасының қосылғаны да таяуда мәлім болды. Сондай-ақ, жобаға үшінші маусымнан бастап қосылған Аргентина боксшылары биыл қатысатын командалар қатарында жоқ. Бұл сында үш рет топ жарған «Астана арландарының» құрамында 52 келі салмақтағы жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев, 69 келідегі сайыпқыранымыз Асланбек Шымбергенов, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл бақ сынаған болатын. Жаңа маусымда ел намысын кімдер қорғайтынын бапкерлер құрамы алдағы уақытта анықтайтын болады. Қалай десек те, айтулы жобадан жамбылдық бірнеше боксшыларды көріп қалуымыз бек мүмкін. Алдағы маусымда бүкіләлемдік бокс сериясында екі рет жеңімпаз атанған «Куба қабыландары» «Астана арландарын» қуып жетуге талпынса, қазақстандық команда төрт дүркін жоба жеңімпазы атануға ниеттеніп көрмек.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.