Серікбол – ең жас депутат
Серікбол – ең жас депутат
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты. Қырандай күшті, қанатты, Мен жастарға сенемін», – деп Мағжан ақын жырлағандай, бүгінде елімізде жалынды, дарынды жастар аз емес. Олар өз кезегінде талаптың тұлпарын мініп, сапалы білім алып, туған елі мен жеріне елеулі қызмет етуде. Әсіресе, тәуелсіздік жылдары туып, егемен елде еркін ойлы, зор ынталы болып өсіп, кемелденіп келе жатқан жастарды көргенде Қазақстанның жарқын болашағын бажайлағандай боласың. Сондай алымды жастың бірі, тәуелсіздіктің төл құрдасы – Серікбол Берікқожа. Осыдан жиырма алты жыл бұрын Байзақ ауданы А.Суханбаев ауылында өмірге келген Серікбол Сарыкемер ауылы Н.Киікбаев атындағы орта мектепте білім алады. Бала жастан алғыр болып есейген ол мектепте үздік оқушы атанып, негізгі білімді алған соң облыс орталығындағы Жамбыл политехникалық колледжінде, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде оқуын жалғастырып, кейіннен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің магистрі атанды. Серікбол сөз өнерінің қайнарына қанып өскендіктен және ізденісінің арқасында студенттердің дебат сайыстарына белсенді қатысып, жетістіктерге жетті. Облыстық, республикалық сындарда жеңімпаз атанып, командасын алға сүйреді. Ол өзінің еңбек жолын қоғамдық негізде бастаған. Жас болса да, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің хатшысы қызметтерін абыройлы атқарып, жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін байқатады. Сонымен қатар, «Жаңа-Ру» жастар коалициясының Президенті қызметін қоғамдық жұмыс ретінде қатар алып жүріп, елеулі еңбек етеді. Бүгінде Тараз қалалық мәслихатының ең жас депутаты, ел тәуелсіздігінің түйдей құрдасы Серікбол өз сайлаушыларының сенімінен шығуға барын салып жүр. – Тәуелсіздіктің құрдасы болу – сезіне білгенге үлкен міндет жүктейді. Ол мерейлі міндет деп білемін. Өйткені азаттықтың арайлы ақ таңымен ажарланып, өркендеп келе жатқан Отанымызды гүлдендіру, түлету, дамыту біздердей жастың қолыңда. Мұны Елбасымыз да жиі айтып жүр. Тәуелсіздік – баға жетпес байлық, басты қазына. Оны баянды етуге, қазақты Мәңгілік Елге айналдыру жолында аянбай тер төгуге барша замандастарымды шақырамын, – деген Серікбол Берікқожа қазіргі таңда Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті Ақпараттық-имидждік жұмыс бөлімінде басшылық қызметін, «Тараз-Ғасыр» колледжінде «Құқықтану» мамандығы бойынша оқытушы жұмыстарын жемісті жүргізіп келеді.
Жанғазы АХМЕТ