Экономика

«Бәйтеректің» бой көтеруіне біз де үлес қосқанбыз»

«Бәйтеректің» бой көтеруіне біз де үлес қосқанбыз»

дейді «Имсталькон» АҚ Жамбыл филиалының директоры Вадим Деминов

«Имсталькон» АҚ Жамбыл филиалында бүгінде 653 адам еңбек етеді. Ұжымның қатары айрықша күрделі жұмыстарды жүзеге асыра алатын білікті мамандармен толығуда. Олар халықаралық тапсырыстарды да мінсіз орындау әлеуетіне ие. Соның арқасында зауыттың металл құрастырмаларын жасау көрсеткіші жылдан-жылға өсіп отыр. Бұл – жаңа заманға сенімді қадам басып, өркениет көшінен қалмай, әлем елдерімен иық түйістіре алатын дәрежеге жеткен тәуелсіз мемлекетіміздің өнеркәсіп саласына деген айрықша қолдау, қамқорлығының да жемісі.

Кәсіпорын жарты ғасырдан астам уақыт бойы кідіріссіз жұмыс істеуде. Тоқсаныншы жылдары металл дәнекерлеу, құрастыру және халық шаруашылығына қажетті басқа да аса қат бұйымдар шығару ісін жүйелі жолға қоя алуының арқасында нарыққа өтпелі кезең табалдырығынан да сүрінбей өтіп, әлеуетін бірден-бірге еселей түскен. Ал бертінде еліміздің әр өңіріндегі мұнай өндіру және өңдеу кәсіпорындарының тапсырысымен жұмыс істей бастады. Облыста халықаралық сапа менеджменті жүйесін алғашқылардың бірі болып енгізуі де нарықта өздерінің өнімдерін кедергісіз өткізуге игі ықпалын тигізуде. Кәсіпорын бүгінде халық тұтынатын алуан металл құрастырмалар, темір жол үшін цистерналар, мұнай, басқа да сұйықтар құйылатын алып сыйымдылықтар жасайды. Мұндағы білікті металл құрастырушылардың еліміздің бірқатар ірі қалаларына арнайы шақыртумен барып, ауқымды да күрделі тапсырыстарды жүзеге асырған кездері де болған. Солардың ең бір шоқтықтысы – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың идеясынан туындаған, тәуелсіздік нышаны Астанадағы «Бәйтерек» монументінің құрылысына қатысуы дер едік. Айта кету керек, сәулеттік мағынасы мен жасалуы жағынан әлем елдерінен оң бағасын алған тәуелсіздік тұғыры металл құрастырмасы мен салмағы 1000 тоннадан жоғары бес жүзге жуық қададан тұрады. Сәулет өнерінің қайталанбас туындысының бірі болып есептелетін монумент Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. Оның биіктігі – 97 метр. «Бәйтеректің» жоғары бөлігінде орналасқан диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тоннаны құрайтын күннің түсуіне қарай өңін өзгертіп отыратын «хамелеон» әйнегінен жасалған алтын түстес алып шар әлемдегі ең үлкен шардың ең биікке көтерілуі бойынша тарихқа енді. Арнайы шынылармен әдіптелген «Бәйтерек» күмбезінің тұтас салмағы 70 тоннаны құрайды. – Еліміздің ең биік әрі көрнекі ғимараты саналатын осы «Бәйтеректің» құрылысында біздің де қолтаңбамыз бар. Негізінен, металдан, әйнек пен бетоннан жасалған «Бәйтеректі» «Имсталькон» АҚ металл құрастырушылары тұрғызған. Біз оның ұзындығы 90 метрден асатын металл баспалдағын жасап, оны орнатуға да белсене атсалыстық, – дейді «Имсталькон» АҚ Жамбыл филиалының директоры Вадим Деминов. – Зауыттың әлеуеті орасан. Біздің кез келген ірі тапсырыстарды уақтылы әрі сапалы орындауға біліктілігіміз бен тәжірибеміз жетеді. Биыл Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің құрылысына да қосалқы мердігер ретінде қатысып, «Қазақстан» павильонын жабдықтап, кіреберіс қақпасын тұрғызып бердік. Бұл кәсіпорынның «Бәйтеректің» қабырғасында қолтаңбасы барын бүгінде жамбылдықтар да мақтаныш етеді.

Баймаханбет АХМЕТ