Әдебиет

Оқ жетпеген осы күнге қол жетті

Оқ жетпеген осы күнге қол жетті

Мәрт далаға мың жебедей шашылған, Айбатынан аң менен құс шошыған. Не өтпеді тамырынан тарихтың, Қан боп аққан қарт қазақтың басынан?!

Сол қанменен талай дұшпан шөл басты, Ол заманда өзен де ащы, көл де ащы... Қанша жерден өмір жауға жақтассын, Құдай еді – бабаларға қолбасшы!

Жау шапқанда, тұлпар-намыс жер тепті, Қаншама ер серт етті де, ерте өтті. Қаншама ауыл үйіндіге айналды, Қанша мола жермен жексен боп кетті?..

Ана сүтін, қалың елін мұң ұрлап, Қайғы соңын жақсылыққа ырымдап, Әр ауылда қан менен күл сасыған, Бір-бір жетім сәби жатты шырылдап...

Жау қолымен өртке оранған даламда, Туыла сап жоқтау айтқан заманда, Бөрі шешіп бесіктегі байлауын, Қыран ғана ана болған оларға!

Балалығын құрбан етіп іңірге, Топырағын тұмар етіп бүгінге. Кездікпенен ойнап өскен кекті ұлдар, «Түркіміз» деп жолықпап па ед(і) түбінде?!

Азат етіп тұтқын болған тауларды, Өзен-көлді, жоталар мен жарларды. Сол ұлдардың еркелігі ерлік боп, О дүниеге қуып барған жауларды!

Тәңір өзі топырағыма төрлетті, Ұмай ана бесігімді тербетті. Қанатымыз көкжиекті кескілеп, Оқ жетпеген осы күнге қол жетті!

Бұл дәуірдің биік ұшқан сұңқары, Уақытты шаңға көмген тұлпары. Бір ғасырға татиды оның әр күні, Әрбір ұлы – мың батырдың ұрпағы.

Жүрегінде жанартаудай от пен жыр, Қарды жағып, мұзды өртеген көктем бұл. Алты құрлық алты алашқа ағайын, Тереземіз төрт мұхиттай мөп-мөлдір.

Көңілдегі көп жыртықты жамаған, Жаман түсті жақсылыққа балағам. Дәулетіміз – достығымыз бауырмен, Адам ата, Хауа анадан тараған.

Тәуелсіздік, сенен ғана жай табам, Айға қолы жеткен күндей жайқалам. Сен келгенде қуаныштан жыладық, Бабаларым тірілгендей қайтадан.

Сені, мені тарих мың жыл толғатты, Сені қазақ, мені Тәңір қолдапты. ...Қанша жерден қарсы шықсын енді өмір, Тәуелсіздік – болашаққа қолбасшы!

Нұржан Қадірәлі, ақын.