Біздің ел бақытты, біздің ел осындай!
Біздің ел бақытты, біздің ел осындай!
Тәуелсіздік – баға жетпес байлығымыз. Қасиетті тәуелсіздіктің арқасында ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықталды. Барша әлемге қазақ елін азаттықсүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танылды. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Азаттық Ұлы Даланы мекен еткен бабаларымыздың асыл арманы еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік. Әрине, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Халқымыз өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны тарихтан белгілі. Ал тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандаған Желтоқсандағы көтерілісі әділдік іздеген жастардың бұлқынысы еді. Сондықтан біз тәуелсіздікті армандаған бабаларымыздың биік мұраты үшін, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азаттық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты үшін ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. Сол ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған күнге бүгінгі ұрпақ қол жеткізіп отыр. Елбасының сындарлы да, сарабдал саясатының арқасында еліміз әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алды. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, жақында ғана өткен халықаралық көрме ЭКСПО көрмесі – соның нақты дәлелі. Ұтымды әрі тиімді жүргізілген экономикалық саясаттың нәтижесінде еліміз еңсесін тіктеп, әл-ауқатын жақсартты. Спорт, ғылым, өнер салаларында да қол жеткен табыстарымыз өте мол. Білім саласына келсек, тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарымыз ұшан-теңіз. Елімізде қаншама білім ошақтары жаңадан бой көтерді. Жекеменшік институттардың өзі іргелі оқу орындарымен бәсекелесетін жағдайға жетті. Біздің Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына биыл университет мәртебесі берілді. Бұл жаңалық оқытушыларымыз бен студенттерімізді, барша жамбылдықтарды қуанышқа бөлеп отыр. Біздің университеттің көптеген талантты, өнерлі студенттері республикалық, халықаралық байқауларда, спорт додаларында топ жарып, ел мерейін өсіруде. Бұл – баршамыздың ортақ жетістігіміз. Ұрпақтарының ырысы ортаймаса, намысы тапталмаса деп көксеген ата-бабамыздың арманы орындалған осы шақта қарышты дамыған еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, бірлігіміз бекем болғай!
Дария Қожамжарова, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры.