Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман
Жасым тоқсанға таяды, кеңестік жүйенің қағидаларымен өстік. Тәубе, тәуелсіздіктің арайлы күнін де көрдік. Осы жасыма дейін көріп, көкейге түйгенімнің бірі – тәуелсіз ел болудан асқан бақыт жоқ екен. Бұлай деуімнің бірнеше себебі бар. Кешегі батыр бабаларымыздың ереуіл атқа ер салмай мініп, егеулі найза қолға алмай жүрген күні болған емес. Олар да осы күнге жете алмай кетті. Біз кеңестік жүйеде өмір сүрдік. Оның да өз ерекшелігі де бар шығар. Алайда КСРО салтанат құрып тұрған шақта дәл мұндай еркіндік болған жоқ. Барлық мәселе Мәскеуде шешілді. КСРО-ның астанасынан пәрмен күтетінбіз. Сол жаққа жалтақтап, күн өткіздік. Қазақ тілінің мәртебесі болған жоқ. Осы Тараздың өзінде қазақ мектептері саусақпен санарлықтай еді. Одаққа қажетті полигон сынақтары қазақ даласында болды. Бұл сынақтан Шығыс өңірлердегі қаншама қарапайым тұрғындар зардап шеккенін тарихи деректер айғақтай түседі. Оның қасіреті, зардабы әлі жойыла қойған жоқ. Міне, енді – Тәуелсіз елміз! Егемен ел атанғанымызға 26 жыл толды. Осы ширек ғасырдан астам уақытта біздің Қазақстан өсіп-өркендеді. Әлем халқы таңдай қағатын ғажайып Астанамыз Сарыарқа төрінен бой көтерді. Осы жылдар ішінде Қытай, Америка, Ресей секілді алып державалармен тереземіз теңесті. Бауырлас Түркия, шығысымыздағы Иран, Ирак, Үнді мемлекеттерімен де байланысымыз нығайды. 150-ге жуық әлем елдері Қазақстанды танып, қарым-қатынас жасап, санасып отыр. Мұның барлығы Ұлт Көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлының іскер, дана, жаңашыл саясаты, мәмлегерлігінің арқасы. Біз – әлемдегі ең алғашқы Ядролық қарудан бас тартып, барша жаһан мемлекеттерін бейбітшілік пен тыныштыққа шақырған елміз. Бұл да – Елбасының даналығы. Мемлекетіміздің шекарасын айқындап, бекітіп алдық. Елордада әлемдік деңгейдегі көптеген іс-шаралар өтті. Алпауыт елдердің президенттері Елордаға атбасын бұрып, Елбасымызбен достық мәмілеге келіп жатқаны мерейімізді қалай өсірмесін! Өсіреді! Биыл жаз бойы Елорда төрінде ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің өтуі де еліміз үшін зор мәртебе. 90 күнге созылған жиында қаншама маңызды мәселелер айтылды. Еліміздің ғалымдары мен энергетика саласының мамандары үшін де – бұл көрменің маңызы зор, берері мол. Кеше біздер бір сарай салсақ та, Мәскеуге жалтақтайтын едік. Тәуелсіздік жылдары елімізде қаншама зәулім ғимараттар бой көтеріп, қаншама ірі құрылыстар салынып жатыр десеңізші! Оған жұмсалып жатқан миллиардтаған қаржылар – өз берекеміз. Осындай толайым табыстар үшін, қарапайым халықтың жүзіндегі қуанышты көріп марқаямын. Мұның барлығы Тәуелсіз еліміздің – жетістігі, мүмкіндігі. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қазіргідей бейбіт, тоқшылық, берекелі заманға тәубе, тәубе!
Баттал Жаңабайұлы, облыстың Құрметті азаматы.