Бұл жол – біздің жолымыз
Бұл жол – біздің жолымыз
Желтоқсан айында халқымызға қастерлі қос мерекенің қатар келетіні кездейсоқтық емес. Елбасы мен тәуелсіздігіміздің, Елбасы мен ел бақытының біртұтас екендігін Қазақстандағы президенттік басқару жүйесінің дұрыстығының өзі көрсетіп берді. Мемлекет басшысының халқына сіңірген орасан еңбегі қазіргі өскелең ұрпаққа, дүниеге енді келетін алдағы ұрпаққа өнеге болары анық. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі өскелең ұрпаққа осы үшін де қажет. Ғасыр ауысып, заман жаңғырғанымен Қожа Ахмет Иассауидің: «Дихан болсаң, қолыңа кетпен ал да, халқыңа нан бер. Ғалым болсаң, қолыңа қалам ал да, халқыңа мән бер», – деген сөзі әлі де өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «...Маған...халыққа қызмет етуден артық ештеңе жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын» деген сөзі осы пікірімнің дұрыстығын қуаттай түседі. Бүкіл әлемнің саясаткерлері танып, жоғары бағалаған, өз халқы мақтан тұтатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз тарихтың жолайрығы тұсында таңдап алған, содан бері бір сәт те айнымай ұстанып келе жатқан өзіміздің дербес жолымызбен, Қазақстанның даму жолымен келе жатырмыз. Әлемдік тәжірибені зерттеп, саралай отырып, біз эволюциялық даму жолын таңдағанбыз. Біз ешкімнің салған соқпағын көшіріп алған жоқпыз, өз елімізге, өз халқымызға қажетті жаңа жолды өз қолымызбен салып келе жатырмыз,» – деген болатын. Тарих осы сөздерді растады. Өз жолымен дамыған Қазақстанның осы тарихи табыстарын Тұңғыш Президент күні паш етіп, алдағы ілгерілеулерге мұрындық ету – біздің басты парызымыз. Бұл ұлы жол – біздің мақтанышымыз! Тәуелсіз Қазақстанның Президент Жарлығымен бекітілген жоғары дәрежелі наградалары мен атақтары бар. Соның бірі – Қазақстанның Еңбек Ері атағы. Мемлекетіміздің төл атағының тұңғыш рет алдымен ұстазға берілуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Өз халқының бейбіт, тыныш әрі қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасаған тұлғаның есімі ғана тарихта ерекше аталады. Сондықтан Президент күні мерекесін атап өту – дамыған елдерде орныққан үрдіс. Осы мереке аясында өрлеудің, өркендеудің, жаңғырудың, жаңашыл дамудың межелерін айқындаудың жаңа өлшемдері қалыптасады. Бұл күні Президенттердің ел басқару тарихын оқып біліп, сол мемлекеттің дамуы зерделенеді. Ал Тәуелсіздік мерекесі – халықты игі бастамаларға, жастарды ұлы мұраттарға жетелейді, жақсыны бағалауға үндейді. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы және «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатқан Қазақстан бүгінде өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең мемлекетке айналғанын айтуымыз керек. Бүгінде тәуелсіздігіміздің тұғыры нығайып, ынтымағымыз бекіді. Халқымыздың ырысы құт болып еселене түсті, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, діліміз, дініміз, мәдениетіміз бен ата дәстүріміз қайта жаңғырды.
Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері.