Саясат

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, татулығымыз мәңгілік болсын!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, татулығымыз мәңгілік болсын!

Сіздерді барша Қазақстан халқының айрықша ардақты күні, Ұлы Дала Елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – Еуразияның алып даласында құдіретті мемлекет құруды ата-бабаларымыз армандаған, аға ұрпақ жақындатқан, бүгінгі буын шындыққа айналдырған қасиетті ұғым. «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, халқымыз өз тарихында талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Бүгінде Қазақстан қуатты да дәулетті елге айналды. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Біз, қазақстандықтар, барлық жетістіктерімізді Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен, оның парасатты саясатымен тікелей байланыстырамыз. Жамбыл облысының өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан жүзден астам ұлт пен этностар үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Олай болса, бұл күн ұрпақтардың ұлы арманы орындалған ордалы той, мерейлі де мәртебелі мереке. Аман-саулық – адамның нағыз бақыты болса, тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты. Бұл – туған еліне егемендік пен еркіндікті қарулы қолмен емес, бейбіт жолмен алып берген әйгілі Махатма Гандидан қалған сөз. Расында да тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады. «Рухы бір-қандас, жүрегі бір-жандас» дейді дана халық. Егер егемендік тұсында елдігі бекем, тұғыры биік жұрт болсақ, оған сіздердің де қосқан үлестеріңіз қомақты деп білем. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бүгінгі табысы, еліміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Отанымыздың мемлекеттілігін нығайтудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Барлық отбасы баянды бақ-дәулетке кенеліп, ырысымыз ортаймасын! Еліміз өсіп-өркендеп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, татулығымыз мәңгілік болсын!

Бағлан Қарашолақов, облыстық мәслихаттың хатшысы.