Ақпараттық пойыз аудандарда
Ақпараттық пойыз аудандарда
Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай Тараз қаласынан шыққан құрамында зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер, мәдениет саласының өкілдері мен медицина қызметкерлері бар «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойызы Мойынқұм ауданының жеті стансасында болды. Хантау, Қияқты, Қарасай, Бурылбайтал, Шығанақ, Мыңарал, Қашқантеңіз стансасында болған топ мүшелері, жергілікті тұрғындарға Астана, тәуелсіздік және рухани жаңғыру жайында кеңінен ақпарат берді. Медицина қызметкерлері халыққа тегін медициналық қызмет көрсетсе, мәдениет қызметкерлері мерекелік концерттер ұйымдастырды. Сондай-ақ халыққа арзандатылған бағамен ауыл шаруашылық тауарлары ұсынылды. * * *
Бейсенбі күні Қаратау қаласындағы темір жол бекетінің маңайына қала халқы көптеп жиналды. Көп күтпей-ақ Астана қаласының 20 жылдығына орай құрылған «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық үгіт пойызы келіп жетті. – Өздеріңіз білесіздер, – деді насихаттық топтың атынан сөз алған Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жазушы, драматург Елен Әлімжан, – келер жылы еліміз Астана қаласының 20 жылдығын кең көлемде атап өтеді. Осыған орай тәуелсіздіктің, Астананың маңызы жөнінде халықпен жүздесу, пікірлесу қажет екендігі даусыз. Елбасымыз қол жеткен табыстарға тоқмейілсімей, ұлттық сананы жаңғырта отырып, бәсекеге қабілетті ел құруды алға мақсат етіп қойып отыр. Ол үшін жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетудің қажеттігі сезілуде. Осы орайда прагматизмге, яғни нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Демек біз өзге елдермен теңесіп, озу үшін жатпай-тұрмай еңбектенуіміз керек екен, – деді Елен Әлімжан. Кездесу облыстық филармония әншілерінің концертіне ұласты. Арзандатылған бағамен босатылған азық-түлікті қаратаулықтар қалауынша сатып алып, алғыстарын жеткізді. Ақпараттық пойызы одан ары Сарысу ауданының орталығы Жаңатасқа бет алды.
Уалихан Жайлау Сәулембай Әбсадықұлы
Мойынқұм-Талас аудандары.