Саясат

Көптен күткен қуаныш

Көптен күткен қуаныш

Туғанынан І топ мүгедегі Әзиза Жақыпбаеваның кезекке тұрған пәтерін күткеніне, міне, тұп-тура 12 жыл болыпты. Жасы 27-ге келген Әзиза мен сіңлісін бағып-қағу үшін жалғызбасты анасы Фариза да жұмысын тастаған болатын. Бірде ата-әжелерінің қолында тұрып, енді бірде пәтер жалдап келген бұларды үйдің машақаты әбден титықтатқан-ды. Енді, міне, олар Тәуелсіздік күні қарсаңында «Арай» тұрғын алқабынан 2 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қолынан алу бақытына ие болды.

Салтанатты шараға жаңа қоныс иелері ғана емес, өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлы бастаған облыс әкімінің орынбасарлары, қала және басқарма басшылары, ардагерлер көптеп жиналды. Жаңа үйдің тұрғындарын қоныс тойымен, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған Кәрім Нәсбекұлы: – «Қазық қағылмай, мал байланбайды» дегендей, баспаналы болу – әр адамның өміріндегі ең басты жетістіктің бірі. Облысымызда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы 3 жылда «Арай» алқабында жалпы құны 8,5 миллиард теңгеге 1245 пәтерлі 15 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде бүгін ел игілігіне ұсынылғалы отырған 80 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй де бар. Тек биылдың өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша осы алқапта аумағы 66,3 мың шаршы метрді құрайтын 10 көп қабатты тұрғын үй тұрғызылды. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 миллиард 555 миллион 737 мың теңге бөлінген болатын. Сондай-ақ қазіргі таңда 10300 отбасына арналған «Тараз сити» қалашығының құрылысы да қарқынды жүргізілуде, – деп, құрылысты жүзеге асырушы «Агроспецстрой» ЖШС-ның директоры Марат Рахымбердиевке алғысын жеткізді. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған жаңа қоныс иелері де Елбасы мен облыс, қала басшыларының қамқорлығына дән риза. Аймақ басшысы одан әрі жаңа үйді аралап көріп, көп балалы ана Ардақ Жантаева мен облыстық жұқпалы инфекциялық балалар ауруханасының дәрігері Ұлдана Үсееваның қуанышқа жайылған дастархандарынан дәм татып, оларға теледидарлар табыстады.

Эльвира Жарылқасынова