Тәуелсіздік танытқан тұлғаларға тағзым
Тәуелсіздік танытқан тұлғаларға тағзым
Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған іс-шаралар легі бүгінде жер-жерде, көптеген мекеме, қызу ұйымдарда ұйымдастырылып жатыр. Әсіресе, білім беру нысандары белсенді. Солардың қатарында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі де бар.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа алған олар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен «Ерен еңбегімен елге танылған тұлғалар» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуге жоба жеңімпаздары – облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы, «Кирпичник» ЖШС директоры, қоғам белсендісі Сембек Сейдазимов пен аталған оқу орнының түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров шақырылған екен. Колледждің 300-ден аса студентімен еркін пікір алмасып, ой бөліскен Сембек Әбетайұлы мен Ақжүрек Достықұлы жас ұрпаққа аталық, ағалық ақылдарын айтып, бата-тілегін білдірді. Сембек Сейдазимов жастарды терең білім алып, талмай еңбек етуге шақырса, Ақжүрек Таңатаров саламатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден аулақ болған адамның қашанда ұпайы түгел екенін айтты. Сондай-ақ аталған азаматтардың қатысуымен ұйымдастырылған шара барысында облыс аумағы мен еліміздің өзге де өңірлеріндегі киелі орындар картасы таныстырылып, «Зерде» рухани дамыту орталығының әдеби-өлкетану курсы бойынша «Туған жер тұнған шежіре» атты ашық сабақ өткізілді. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұсауы кесілген «Өнеге» спорттық жетістіктер мұражайына «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы болып табылған облыстың 8 азаматы мен колледж спортшыларының деректері мен бірқатар дүниелері қойылған. Тәуелсіздік жылдарында танылған тұлғаларға құрмет көрсетіп, олардың жеткен жетістігін, еткен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі иелерін шын патриот, туған жердің жанашыры етіп тәрбиелеуді мақсат тұтқан білім ордасының бастамасы құптарлық-ақ.
Маржан РАҚАЙ
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.