Әлеумет

Жамбылдың тау-тасы туризмге сұранып тұр

Жамбылдың тау-тасы туризмге сұранып тұр

Таяуда облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жанындағы «Тараз-Туризм» ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «ANCIENT TARAZ – 2017» халықаралық туристік форум-көрмесі өткені мәлім. Оған 10-ға жуық мемлекеттен туризм саласына қатысы бар 300-ден аса қонақ қатысты. Шарада соңғы жылдары өңіріміздегі туризм саласының ілгерілегендігі жайлы сөз болды. Расында да қолымызда бар мәліметтерге зер салатын болсақ, облысымыздың ішкі туризм саласындағы әлеуеті жыл санап артып келеді.

Туризм түсінігіне тереңдейтін болсаңыз, ересектер және балалар мен жасөспірімдер туризмі деген де ұғым бар. Өз кезегінде туризмнің балаларға арналған түрін дамыту алғашқысына қарағанда жауапты, әрі әлдеқайда күрделі. Өйткені, балалар туризмі ұрпақты, еліміздің ертеңін эстетикалық тәрбиеге негіздеу мен қалыптастыру ісінде айрықша орын алады. Осы орайда санамызда «облыс пен аудандардағы балалар туризмі қай деңгейде дамып жатыр?» деген сауалдың тұратыны анық. Сонымен бірге жасөспірімдер туризмін өркендетудің жайы да қазір көпшілікті қызықтыратын болған. Бүгінде елімізде тікелей балалар туризмін дамытуға арналған орталықтардың саны қырықтың о жақ, бұ жағы десек, оның жартысына жуығы Батыс Қазақстан облысына тиесілі екен. Ал біздің облыс бойынша мұндай орталықтардың саны саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – облысымыз бойынша алғашқы болып ашылған Шу ауданындағы Балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы. Орталыққа қабылданған әрбір бүлдіршін атқа мінуді, балық аулау мен орманда адасып кетпеудің жолдарын, суда жүзуді және тауға жорыққа шығуды меңгереді. Яғни қауіпсіздік ережелерімен қатар, күрделі жағдайда не істеу керектігін де үйренеді. Орталық директоры Рахия Көбегенованың айтуынша, аталмыш мекеме 2015 жылдың қазан айында ашылған екен. – Балаларға арналған туризм орталығының негізгі міндеті – оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, оларға өлкетану және туризм бағытында қосымша білім беру. Бүгінгі таңда орталыққа қарасты әртүрлі бағытта «Жас турист», «Жас өлкетанушы», «Гид» сынды 17 үйірме қызмет етеді. Оқушылар мұнда туризм саласы бойынша білімдерін жетілдіріп, аудандағы мәдени ескерткіштер туралы барлық ақпаратқа қанық бола алады. Орталықтың ұйымдастыруымен араға апта салып ауданның киелі жерлеріне саяхат жасап отырамыз. Міне, осындай сапарларда бізде білім алған жас экскурсоводтар өздері қатарлы оқушыларға жол сілтеп, әр ескерткіш туралы толық мәлімет береді. Сонымен қатар, туристік маусымның жабылуына орай аудандық туриадалар өткізуді де назардан тыс қалдырған емеспіз. Баланың жан-жақты өсіп жетілуінде балалар туризмі маңызды рөл атқарады. Мұндай шаралар, яғни экскурсиялар мен саяхаттар және жорықтар жасөспірімнің ақыл-парасат деңгейінің өсуіне, байқағыштығын арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға, өзін басқа қырынан көрсете алуына және тағы да басқа қабілеттерін арттыруға өз септігін тигізеді, – дейді орталық директоры. Бір әттеген-айы, орталықтағы материалдық базаның төмен болуы көптеген жоспарлардың жүзеге асуына қолбайлау болып отырған сыңайлы. Ақылы қызмет те бір жолға қойылмаған. Тіпті, арнайы көлік те қарастырылмапты. Орталық ұжымы саяхатқа өз қалталарынан қаржы шығарып немесе жомарт жандардың демеушілігі арқылы шығатындарын айтады. Ара-арасында спорттық шаралардан жарыстарды ақылы түрде өткізіп, түскен қаражатқа хал-қадірлерінше балаларды саяхатқа алып барады екен. – Негізінен балалар ауданның киелі орындарына саяхат жасайды. Олардың қатарында VII-VIII ғасырдан бері келе жатқан Жайсаң түркі кешені, 2014 жылы Катар мемлекетінде өткен ЮНЕСКО-ның 38-сессиясы барысында Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген, Шу ауданы аумағындағы есімі ерекше құрметпен аталатын ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қалашығы, Үңгірлі шатқалы, Х-ХІІ ғасырға жататын Қорғаншы қалажұрты және Төле би бабаның туған жері бар. Егер де ауданымызға шетелден туристер келетін болса, бізден білім алған гид-аудармашы оқушылар кез келген сала бойынша үш тілде мәлімет бере алады, – дейді Рахия Сейсенбиқызы. Ол аз десеңіз, мұндағы үйірме жетекшілері де білікті мамандардан құралған. Солардың бірі – орталықтағы үздік жетекші саналатын Нұрсұлтан Сәтпай есімді жігіт. Ол Алматы қаласында дәл осы туризм саласы бойынша білім алған. Кейіннен Үндістан мемлекетінде іс-тәжірибеден өтіп, өзінің туристік саладағы білімін еселей түскен. Биылдан бастап өзінің бар білімін осы орталықтағы балалармен бөлісуде. Одан өзге 20-ға жуық маман аудан жастарын туристік салаға бейімдеумен айналысып келеді. Осы орайда аталған білім ордасының жеткен жетістіктерін де айта кеткен жөн болар. Мәселен, орталықтың оқушылары «Менің Отаным – Қазақстан» атты облыстық туристік слетке қатысып, «Ең үздік траверс» жүлдесіне қол жеткізген. Сол арқылы Ақтау қаласындағы жарысқа жолдама алып, жүлдегерлер қатарынан да көрінген. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Клара Қожағаппанованың айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді іске асыру мақсатында арнаулы аудандық жобалық офис құрылыпты. – Аталмыш офиске екі бірдей жоба ұсындық. Соның бірі – туризм саласына қатысты «Шуымның әр тасына тарих тұнған» атты жоба. Бұл жоба іске асып, мақұлданып жатса, аудандағы мәдени ескерткіштердің маңын абаттандыру жұмыстарын қолға алып, арнайы туристік маршруттарды белгілейтін боламыз, – дейді ол. Облыс әкімдігі білім басқармасының берген мәліметіне сенсек, мұндай орталықтар өңіріміз бойынша Шу ауданынан бөлек Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарында ғана бар екен. Аймағымыздың тамаша табиғаты мен көрікті жерлерін насихаттайтын, киелі орындарына жас жеткіншектерді апарып, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін оятатын осындай орталықтар өзге аудандардан да ашылатын болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Шу ауданы.

P.S. Жалпы, еліміздің туризм нарығында 2000-ға жуық кәсіпорын, оның ішінде 600-ден аса туроператор, 1300-ге жуық турагент қызмет көрсетеді екен. Жамбыл облысының өзінде 50-ге тарта туроператор мен турагенттіктер қызмет атқарады. Сонымен қатар, біздің облыстың, оның ішінде Шу ауданының маңынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің өтіп жатқаны да осы саланы дамытуға мүмкіндік беретін негізгі факторлардың бірі екені даусыз. 40 миллион халқы бар испан елінің табыс көзі – туризм. Қалай болғанда да, испандардың осы саланы дамытып, қаражат көзіне айналдырып отырғаны сүйсіндіреді. Одан бөлек, Италияның 58 миллион, Францияның 60 миллион халқына табыс әкелетін де дәл осы сала. Олардан аумағы да, табиғи байлығы да, археологиялық және тарихи ескерткіштері де артық болмаса, кем емес біздің облысымыз – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, көне замандардан бері бүкіл түркі әлеміне танылған қатпарлы тарихы бар киелі мекен. Сол себепті де осы өлкеде балалар туризмін дамыту мүмкіндігі жоғары екені айтпаса да белгілі. Талас жоқ, өлке мен ел тарихын зерделеуге, оны ел-жұрттың, жасөспірімдердің жүрегіне жеткізіп, саналарына сіңіруге балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану орталықтарының қосар үлесі қомақты болмақ.