Әлеумет

Меркіде қос балабақша ашылды

Меркіде қос балабақша ашылды

Ақермен ауылдық округіндегі «Шахнұр» балабақшасының ашылу салтанатында жиналған көпшіліктің көңілінде қуаныш, көзінде күлкі. Олай болатын да жөні бар. Жеке кәсіпкер Роза Жұманова 75 орындық балабақшаның мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жасақтап, 15 тәрбиешіні жұмысқа алып, қазірдің өзінде елу баланы қарлығаштың ұясындай мекенде тәрбиелеп отыр.

Салтанатты рәсімге ауыл тұрғындары көптеп келіпті. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков жұртшылықты құттықтады. – Ауданымызда, соның ішінде сіздердің ауылдарыңызда да үлкен-үлкен жаңалық, қуаныштар болып жатыр. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қолдауымен 500 миллион қаржы бөлініп күре жолдарыңыз күрделі жөндеуден өтті. Он орындық су жаңа дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілгеніне де 2-3 айдың жүзі болды. Өткен жылы ауылдарыңызға табиғи газ; ауызсу келді. Енді міне жеке кәсіпкер Роза Жұманованың бастамасымен жаңа балабақша есігін айқара ашып отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын. Елбасымыз алдымен ана мен балаға үлкен көңіл бөліп, жағдай жасауда. Бүгінгі мереке сол игілікті қадамның жемісі, – деді Мейірхан Азатұлы. Бұдан соң сөз алған ардагер мұғалім, ауыл ағасы Нұржан Жұманов Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мәні, маңызы зор екенін, онда болашақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше орын берілгенін айта келіп, көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен және жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады. Жиналған көпшілік барлық қолайлы жағдай жасалған, бүлдіршіндердің думанды орталығын аралап көріп, жоғары баға берді. Сәбилердің мың бұралған биін тамашалап, тақпақтары мен әндерін тыңдап, сәттілік тіледі. Қуаныш аудан орталығындағы 190 орындық «Таңшолпан» балабақшасының ашылуымен жалғасты. Қ. Сарымолдаев ауылдық округіндегі бұрынғы балалар үйі болған үш қабатты ғимарат қайта күрделі жөндеуден өтіп, жап-жаңа жасау-жабдықпен, жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Мемлекет есебінен ашылған мекеменің тұсауын кескен аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков мемлекетіміз, әрбір отбасы, ұрпақ тәрбиесіне ерекше маңыз беріп, жағдай жасауда екенін айта келіп, салтанатқа жиналған аудан тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен, балабақшаның ашылуымен құттықтады. – Өткен жылдың аяғында балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылғандар саны екі мың төрт жүзді құраса, ол көрсеткіш биыл өсе түсті. Ағымдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 600 баланы қамтитын бес балабақша ашылды. Бүгін міне, 190 орындық балабақша ашылып, көпшілікті қуанышқа кенелтіп отыр. Бұл нысанның орны ерекше. Өйткені бұл жерде сұраныс жоғары болатын. Енді баласын мұнда әкелген ата-ана өздерінің қолы босап, кәсібімен, жұмысымен, пайдалы іспен айналысуға мүмкіндік алады. Алдағы жылы мұндағы орынды арттыруды жоспарлап отырмыз, – деген аудан әкімі Мейірхан Азатұлы жаңа балабақшаларға компьютерлер сыйға тартты.

Серік Құралбай Меркі ауданы.