Экономика

Қазақстан газы Қытайға экспортталады

Қазақстан газы Қытайға экспортталады

DSC_0014

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл ауданының Айша бибі ауылының маңында «Қазақстан–Қытай» магистральдық газ құбырының жаңа №3 компрессорлық стансасы (КС-3) салтанатты түрде ашылды. Газ айдау стансасының ашылуы «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының Астанада орналасқан диспетчерлік орталығымен онлайн режімде көрсетілді.

Облыс жұртшылығының асыға күткен қуанышты сәті басталмас бұрын сазды әуен ойнап, салтанатқа жиылған қалың жұртты қыстың қара суығына қарамастан, бірден серпілтіп тастады. Үлкен экраннан Мемлекет басшысының қатысуымен биылғы 6 желтоқсанда өткен «Жаңа индустрияландыру: Қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірден үзінді және еліміздің газ саласындағы жетістіктерінен бейнеролик көрсетілді. Салтанатты шарада облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құттықтау сөз сөйледі. – Бүгін біз қастерлі де қадірлі Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміз, оның ішінде облысымыз үшін маңызы зор шараға жиналып отырмыз. Күні кеше ғана, қыстың ең суық күндерінде Қазақстанның оңтүстік өңірі газ тапшылығына ұшырайтын, көп жағдайда көршілес Өзбекстанның «көгілдір отынына» тәуелді болып келдік. Дегенмен, «Бейнеу –Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбыры іске қосылғалы бұл тәуелділік жойылып қана қоймай, ішкі нарықтан артылған газды экспортқа шығаруға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының «Бұхара Газды Регионы – Ташкент – Бішкек – Алматы» магистральдық газ құбырына жүргізген қайта жаңғырту жұмыстары оның тасымалдау мүмкіндігін ұлғайтты. Өткен жылы құны 20,5 миллиард теңгені құрайтын «ТIP-02 Ақыртөбе» газ сығымдау стансасы іске қосылды. Биыл «Азия газ құбыры» компаниясы Жамбыл облысы аумағында салынып жатқан үш газ сығымдау стансасының үшіншісін іске қосуда. Станса газ желісінің жылдық қуатын 25 миллиард текше метрге жеткізеді деп күтілуде. Оның 5 миллиард текше метрі экспортқа шығарылмақ. Сонымен қатар, Қордай ауданының таулы жерінде орналасқан 12 елді мекені осы «С» желісі арқылы газдандырылатын болады. Осы мақсатты іске асыру үшін келесі жылы «Отырар АГРС»-тің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталады. Болашақта осы желі арқылы Мойынқұм ауданының 9 елді мекенін газдандыру жоспарлануда. Сондықтан бұл стансаның ашылуы Жамбыл өңірі үшін маңызы зор. «Қазақстан – Қытай» магистральдық газ құбырындағы «С» желісі қуатының өсуі облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді. Одан әрі Кәрім Нәсбекұлы облыстың 377 елді мекенінің 48 пайызы газдандырылғанын атап өтіп, жергілікті қазынадан елді мекендерді газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу үшін тиісті қаржы бөлініп жатқанын жеткізді. Облысты газдандыру бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін 147 елді мекенді газдандыру жоспарланыпты. Бұл 87 пайызды құрайды. Облыс аумағында автоматтандырылған газ реттеу стансаларының және магистральды газ құбырларының іске қосылуы бұл жұмыстардың уақтылы жүргізілуіне өз ықпалын тигізетінін айтып, ашылып отырған нысанда 100-ден аса жергілікті тұрғын еңбек ететінін атап көрсетті. Салтанатты шараға қатысқан барша жұртты алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тіледі.

Астанадан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Жамбыл жұртына ізгі тілегін жеткізді. Елімізде кейінгі 9 жылда 11 стансаның ашылғанын, биылдың өзінде екі станса іске қосылғанын, Қазақстанның газы оңтүстік өңірді газбен толық қамтамасыз етіп, Қытайға экспортқа жіберілгенін мәлім етті. Одан әрі ол облыс әкіміне көрсеткен қолдау, көмегі үшін алғыс айтты.

«Қазақстан–Қытай» газ құбырының №3 компрессорлық стансасының технологиялық дайындығы жоғары, барлық сынақтардың сәтті өткендігі баяндалған соң, газ айдау агрегаттары мен қосымша нысандарды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен «Азиялық газ құбыры» компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Ғалымжан Сағынтаев іске қосты. «Орталық Азия – Қытай» трансұлттық жобасының бөлігі болып табылатын стансаның жұмысымен облыс әкімі жан-жақты танысты. Газ инфрақұрылымының жаңа нысаны газ құбырының «С» тармағының өнімділігін арттыруға және жылына 25 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдау көлемдерін ұлғайтуға мүмкіндік беретін көрінеді. Сондай-ақ газды үздіксіз тасымалдау үдерісінің барынша тиімділігін қамтамасыз етеді екен. Жаңадан ашылған нысан әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи жабдықтарымен жасақталған. «Rolls Roуcе» компаниясының газ айдаушы агрегаттары орнатылған. Әр агрегат сағатына 2,4 миллион текше метр газ айдауға қауқары жетеді. Пайдаланылған инновациялық жабдық, сондай-ақ қосалқы технологиялар кешені магистральдық газ құбырын пайдаланудың барлық кезеңі ішінде қауіпсіз және технологиялық үздіксіз газ тасымалдауды қамтамасыз ете алады. Газ инфрақұрылымының жаңа нысандары магистральдық газ құбыры өтетін аймақтарда тұратын қазақстандықтарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге де септігін тигізеді. Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан – Қытай» магистральдық газ құбырының «А», «В» және «С» тармақтарындағы жобаларда 1113 жұмыс орны ашылыпты. Оның 90 пайызы жергілікті тұрғындар екен. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мегажоба – «Нұрлы жол» бағдарламасы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, тасымалдау мен транзиттік әлеуетті арттыруға жол ашты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылып отырған нысан да облыстың экономикасы мен халықтың жағдайын одан сайын жақсартуға септігін тигізеді.

Амангелді Әбіл