Мүмкіндігі шектеулі болса да, қарымы шексіз
Мүмкіндігі шектеулі болса да, қарымы шексіз
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Үміт» арнайы мектеп-интернатында тоғызқұмалақ, қол күресі, асық ату сынды спорт түрлері бойынша спартакиада ұйымдастырылды. Бұл жарыста негізінен ұлттық ойындарға ерекше мән берілді. Спорт бәсекесінің ашылу салтанатында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Мамадияров сөз сөйлеп, жас талапкерлерге сәттілік тіледі. Жас әнші Дулат Жалғас әуелетіп салған «Атамекен» патриоттық әнінен соң, жарыс басталып кетті. Дода тартысқа толы болды. Нәтижесінде тоғызқұмалақтан ұлдар арасында Бексұнтай Найманов жеңімпаз деп танылса, Мәулен Көктал мен Ерғали Төлеубеков жүлделі екінші, үшінші орындардан көрінді. Тоғызқұмалақтан қыздар арасында Әсел Мұсаева қарсылас шақ келтірмей, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Жүлделі екінші, үшінші орындар Ақжан Әбдірәсіл мен Толғанай Пірәліге бұйырды. Қол күрес шеберлерінің бәсекесі де тартысты өтті. Ұлдар арасында Ержан Көшербай топ жарды. Арқабек Жамаш пен Алмат Орынтай екінші, үшінші орындардан көрінді. Қыздар арасында Әсемай Әшімбектің шеберлігі көпшілікті тәнті етті. Ақжан Әбдірәсіл мен Ажар Өмірбек жүлделі екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Асық ату сайысында Мәулен Көктал мергендігімен көзге түсіп, жеңімпаз атанды. Береке Тастеміров пен Алмат Асубек үздіктер қатарынан көрініп, жанкүйерлерін қуантты. Президенттік тест тапсыру бойынша ұлдар арасында Алмат Орынтай жеңімпаз болса, қыздар арасында Дария Туникова топ жарды. Мұғалімдер арасында Гүлжан Есімова мен Ерік Бегімқұловтың мерейі үстем болды. Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аталған мектеп-интернатының директоры Фарида Қазыбекова дипломдар және медальдармен марапаттады.
Бағдат Рүстемова, «Үміт» арнайы мектеп-интернатының тәрбиешісі.
Талас ауданы.