Іске сәт, жаңа төраға!
Іске сәт, жаңа төраға!
Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы «Қазақстан Журналистер Одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Бұрнағы күні өткен өңір журналистері өкілдерінің жалпы жиынында осындай шешім қабылданды.
Басқосуда алғаш сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбосынова «Қазақстан Журналистер Одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының қоғамдағы орны туралы ойын айта келе, оның жетекшілігіне белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлының кандидатурасын ұсынды. Ұсынысты жиынға қатысқан журналистердің барлығы бірауыздан қолдады. Жиын барысында облыстық «Знамя труда», «Арай», Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттерінің директор-бас редакторлары Бекет Момынқұл, Гүлнұр Ембердиева, Эльмира Мырзағали, Болат Бекжанов, «Қазақстан» ұлттық арнасының, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшілері Ғани Қалмахан, Оралхан Дәуіт, тағы да басқа әріптестер сөз алып, жаңа төрағаның қызметіне табыс тіледі. Сонымен қатар ұйымның жұмысын жандандыру мақсатында ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ортақ іске бірге атсалысуға дайын екендіктерін білдірді. Жиналыста, сондай-ақ, «Қазақстан Журналистер Одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасарлары мен басқарма мүшелері де бекітілді.
«Ақ жол-Ақпарат».