Әлеумет

ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР

ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР

«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей түседі, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» деп грек ойшылы Сократ айтқан тәмсіл сөз еске түскен сайын өнегемен өрнектелген өмірі көпке үлгі болған, ғасырларға тектілікті жалғап, асулардан табыстармен асып, халқына адал қызмет етіп, шапағат нұрын шашқан,талай жанды білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолында аянбай тер төккен ұлағатты ұстаз, ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, сүйікті жар, әз әже, аяулы анамыз Майра Адамбекқызы Орынбаева бүгіндері адам өмірінің асқар биігі 70 жасқа толып отыр. Желкенін жел тербеп, сексеннің сеңгіріне қарай бағыт ұстаған өмір атты кеменің 70-ші аялдамасына толағай табыспен жетіп отырған асыл анамыздың ең басты қазына байлығы, толағай табысы – отбасы, сарқылмас білімі мен ізбасар шәкірттері. Асыл анамыз Майра Адамбекқызы жетістікке оңай жеткен жоқ. Ұстаз болсам деген асқақ арман анамызды Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищеге жетеледі. Мұнда өзінің ілімге деген құштарлығын көрсетіп, «бастауыш класс мұғалімі» атанды. Осылайша, педагогикалық училищені үздік бітіріп, еңбек жолын білім саласындағы алғашқы баспалдақ Мойынқұм ауданындағы Фурманов атындағы орта мектептен бастайды. Кейіндері Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуын жалғастырып, бағы жанып, жақсы жанға кез болып, жоғары білімді мал маманы, асқар таудай әкеміз Сайлау Мәмбетұлымен тұрмыс құрады. Ата-енесі Мәмбет атамыз бен Нұршай апамыз өте кішіпейіл, ақ ниетті жандар еді, олар анамызды өз балаларынан кем көрмеген. Осындай жарасымды жақсы жарастықтың арқасында аяулы анамыз өз ісіне алаңсыз кірісіп кетеді. Бертіндері Шу ауданындағы Қ. Сәтбаев атындағы орта мектебіне ауысып, кешікпей мұнда да ұжымның сый-құрметіне бөленіп, білім алушы жастардың сүйікті де қадір тұтатын ұстазына айналады. Шығыс халқында «Үш іс тындырған адам, яғни бала тәрбиелеп өсірген кісі, дарақ-тал өсірген кісі және кітап жазған кісі өлмейді» деген даналық сөз бар. Ана – адамзат ұрпағын көбейтуге үлес қосса, ата – өнегелі ісімен ұл-қызын тәрбиелеп жетілдіреді. Ал кітап жазған ғалым жас ұрпақты ғылым негіздерімен қаруландырып, Отанға қажетті абзал азамат тәрбиелеп шығарады. «Өмірде еңбегі жанған ата-ана – бақытты» дегендей, өскелең ұрпаққа адамгершілік қасиет гүлін шашып, студенттерді білім нұрына бөлеп келе жатқан біздер Оңтүстік өңірдегі іргелі жоғары оқу орындарының бірегейі Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті және Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде анамыздың ұстаздық жолын қуып, жемісті еңбек етіп келеміз. Үлкен немересі Аяулым Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде аға оқытушылық қызметті атқарса, Ақмөлдір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты, ал Бақдаулет М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті болса, Нұрдаулет пен шөбересі Набиля оқу озаттары. Майра Адамбекқызы – өз дәуірінің данышпаны Ж. Баласағұнидың «Өзіме деген өшеді, өзгеге деген өседі» деген қасиетті қағидасын берік ұстанған, бүкіл өзінің саналы ғұмырын болашақтың тірегі болар білімді ұрпақтың көбеюіне қомақты үлес қосып, оларды тәрбиелеуде бойдағы күш-қуатын, ерік-жігерін арнаған асыл жан. Бойдағы барын халқына арнау, оның қажетіне жарату – адам үшін шын бақыт. Білім алушы ұрпақтың жүрегін тебірентіп, ой-сезіміне әсер ету үшін ұстаз бойында үш түрлі қасиет болуы керек. Біріншіден, әдебиеттен сабақ беруші мұғалімнің саяси сауатты, мол білімінің болуы шарт. Екіншіден, өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне ұялата алатындай әдіскерлік шеберлік қажет. Үшіншіден, білім алушыдан әдеби білімді меңгеру дәрежесін сабақ процесі үстінде айқын анықтайтын, олардың психологиялық ой-сезімінің өресін бақылай алатын сезімтал психолог болуы қажет. Осы үш қасиетті бойына жиған, өз пәнін жақсы көретін, әр сабаққа үлкен жауапкершілікпен қарап, білім алушылармен бірлесе еңбек ете отырып, үнемі шығармашылық ізденіспен сабақ өткізетін білгір әдебиетші, сезімтал психолог, шебер әдіскер мұғалім Майра Адамбекқызының бойындағы еңбекке деген адалдығы, мақсатқа берік қасиеттері әріптестері мен шәкірттерін тәнті етпей қоймайды. Себебі, ұстаздың өмірі нағыз майталман маманның, адал азаматтың өнегесі. Олай болатыны, асыл анамыз Майра Адамбекқызының өмір атты тарихи дастанында кемел парасатымен халқының сый-құрметіне бөленген, небары 32 жасында партия қызметінде үлкен абыройға ие болған, жаны жайсаң Адамбек ағасы дүниеден озып, одан қалған кішкентай қыз Майра анамызға әкелік қамқорлық, темірқазықтай жол көрсеткен Жұмабек Орынбаевтың сара жолы тұрды, ал анамыз сол салынған сара жолды жалғастырушы дана перзент бола білді. Осындай өнеге мен өмір мектебінен өткен ұлағатты ұстаз Майра Адамбекқызының ұстаздық еңбегі өзі, отбасы үшін ғана емес, кезіндегі әріптестері, үзеңгілес дос-жарандары үшін де зор мақтаныш, ал жас ұрпақ бала-шағасы үшін нағыз өмір соқпағына айналатыны даусыз. Қадірлі асыл ана! Бүгінгідей мерейлі мереке қарсаңында отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, қажымас күш-қайрат, ортаймас несібе-дәулет, ұрпақтың қызығын көре беруді тілейміз. Шаңырағыңыз шаттыққа тола берсін!

Миршат ЕЛУБАЕВА, Рахат ЕЛУБАЕВА, педагогика ғылымдарының кандидаттары.

Тараз қаласы.