Әлеумет

Достығымыздың куәсі болған басылым

Достығымыздың куәсі болған басылым

...Есіме ұлы Ғабит Мүсіреповтің ертеректе жазылған «Достар қалжыңы» әңгімесі түсіп отыр. Аңға шыққан Ғабең, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Қалибек Қуанышбаевтар бір кез серуендеп, ұзап кетіп, адами пендешіліктен, қаланың у-шуынан, өмірдің ұсақ-түйегінен арылып, тыныстап бой жазған бір қызық шағы екен. Араларында әдемі әзіл-қалжыңдар айтылып бір жасап қалады. Кейіннен Ғабең осы әңгімені «Қарлы жаңбыр астында» деп жалғастырып, тағы да қызықтап баяндап бергені бар. Осыларды сүйсініп оқи отырып өзің де ойға қаласың. «Апыр-ау, осындай әзіл-оспақтар дос-жарандарымыздың арасында бізде де болып еді-ау!» дейсің еріксіз. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары біз қылшылдаған жас кезімізде ҚазМУ-ды бітіріп, жаңадан қызметке белсене араластық. Әлмұқан Исақов алдымен Меркі аупарткомының хатшысы, кейіннен облыстық партия комитетінің хатшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ал Қыстаубай Байтуов бірден журналистік жолға түсіп, «Еңбек туы», қазіргі «Ақ жолда» табаны күректей 40 жылдан аса тапжылмастан еңбек етті. Сол жерден зейнетке шықты. Елге танымал, айтулы журналист болып қалыптасты. Қимылы шапшаң, алғыр да елгезек Қыстаубайдың газетке материал дайындауы да ерен еді. Алған тақырыбын өз ойында әбден пісіріп, егжей-тегжейлі қорытып келетін де, бірден машинаға «диктовка» жасайтынын талай рет көргенім бар. Мен болсам алдымен комсомол қызметкері болдым да, соңынан ғылым қуып кеттім. Алайда біз қай жақта жүрсек те, қандай жұмыс атқарсақ та өзіміздің қалап алған мамандығымыз – әдебиетке деген сүйіспеншілігіміз бір суынған емес. Сондықтан болар, осы аралықта біз тынбай жазып, газет бетінде жиі көрініп жүрдік. Әлмұқан кең ауқымдағы публицист еді, саяси мәселелерді көп жазатын, Қыстаубай өткір мәселелерді жиі көтеретін, ал мен болсам, әңгіме жазуға ойыстым... Көбіне-көп біздің бағымызды ашқан, қаламымызды шыңдаған осы «Еңбек туы» болды. Бейнелеп айтқанда облыс қаламгерлерінің шеберлік мектебі, жас журналистердің тәлімгер ұстазы, өрісін ашатын қамқоршысы бола білді. Және де оның ту ұстаушысы байырғы редактор Баттал аға Жаңабаев еді. Біздің алдымызда бір топ аға қаламгерлер: Кәрім Баялиев, Өкім Жайлауов, Жақсылық Сәтібеков, Анарбек Айтбаев, Ахмет Қазыбаевтар жүріп отырды. Шетінен ақын-жазушылар, майталман журналистер еді. Одан кейінгі толқынды Бақытяр Әбілдаев, Арғынбай Бекбосыновтар бастайтын. Ал біздің буынның естияры Әлдихан Қалдыбаев балалар әлемінің жыршысы боп елге танылды. Әртүрлі уақиғалар, күллі жайттар көбінен өзі аңқау, ақкөңіл Қыстаубайдың төңірегінен өрбуші еді. Оған ол намыстанбайды, елмен бірге қосыла күліп, кейде ол қылықтарын өзі айтып беріп отыратын. Шығармашылық адамының шабыт шақыру үшін кей-кейде ащы сумен тамақ жібітіп қоятын кездері де болады ғой. Біздің Қыстаубай содан құралақан емес-тін. Жаңа ғасырдың бас кезінде үшеуміз де зейнетке қатарласып бір жылда шықтық та, Қыстаубайдың зейнетақысы Әлмұқан екеуміздікінен едәуір көп боп шыға келді. Сонда таңғалған екеуміз оны ортаға алып: – Әй, осы, сен бар ғой, белгілі алкашсың, еңбек өтілің де, алып келген жалақың да біздікінен төмен еді. Неғып сенікі біздің алатын зейнетақымыздан асып кеткен? – дейміз ғой. Сонда ол міз бақпастан: – Мен ғой кезінде өкіметтің арағын ішіп бюджетке ақша құйып тұрдым. Ал сен екеуің алғаннан басқа өкіметке не пайда келтірдіңдер? – дегені. – Өй, сөзің бар болсын, – деп Әлмұқан күліп жіберді. Қисынсыз-ақ нәрсе, бірақ ол сөзден ұтып кетті. Бір жолы Қыстаубай, Әділбек бәріміз семьямызбен бірге Әлмұхандікіне келе жатыр едік, орталық алаңда үлкен бір бульдог итті жетектеп алған, өзі құлазып жалғызсырап қалған бір кездегі обкомның хатшысын көрдік. Қыстаубай көре сала: – Әп бәлем, қазір үйіне барған соң Әлмұқанды бір қатырайын! – деді құлшынып. Отырыс арасындағы үзілісте Қыстаубай: – Әй, Әлмұқан, біз сені осы келгенде іштей қатты аяп келдік. Жаңа орталық алаңнан ит жетектеп жүрген обкомның баяғы хатшысын көрдік. Ойымызға сен түстің. Ертең сен де зейнетке шығасың, сонда сен де ит жетектеп құлазып қаласың-ау! – деді. Әлмұқан сөзден тосылған жоқ. – Ит жетектеп неғыламын. Рахым екеуіңді екі жағыма жетектеп алып жүрмеймін бе? – деп салғаны. Оңбай ұтылдық. – Әй қуарған. Қарап отырмай екі ортада мені бірге ала кеттің-ау! – деп мен Қыстаубайды кінәлап жатырмын. Қыстаубайдың ептеп ұрттап жүретінінен ығыр болған әйелі Жәмилә үйінде іннен-інге тығып қоятын бөтелкелерін тауып ап жояды екен. Сондай бір күндері Қыстаубай ізін білдірмейді, бірақ әйтеуір оның көздері жылтыңдап тұрғанын Жәмилә сезеді. Сарылып іздейді, таба алмайды. Тамақ алдында Қыстаубай әдеттегіше қол шайып келеді де ың-шыңсыз отыра қалады. Өз ісіне өзі мәз. Содан бірер күнде үйдегі су құбырлары бұзылып, Жәмилә сантехникті шақырады. Едәуір уақыттан соң қараса, әлгі сантехник ыржалаңдап мәз боп отыр: – Бачок «во», бачок «во»! – деп, бас бармағын қайта-қайта шошайта береді. Жәмилә ытқып барып әжетханадағы бачоктың қақпағын ашып жіберсе, мұздай судың ішінде мөлдіреп, мойны қылқиып бір жартылық тұр. Қыстаубайдың амалын сонда барып біледі. Кезінде Қыстаубайдың өткірлігі, дөп тапқыш алғырлығы тұрғыластарының арасында аңыз боп жиі айтылып жүреді. Әйгілі батыр Бауыржан өзінің мерейтойын Жамбылда өткізбек болып келгенде, редакция қызметкерлерінің сұхбат алуға ешқайсысы бата алмай тұрғанда «Тәуекел» деп Қыстаубайдың барғаны бар. – Бәуке, Қыстаубай деген тентек ініңіз боламын! – деп кіріп барса. – Сен немене, маған тентектігіңді бұлдай келдің бе, кругом шагом марш! – депті батыр аларып. – Ойбай, Бәуке, олай емес, елдің сәлемін алып келдім, – депті Қыстаубай жалтарып. – Е-е, сөйтіп жөніңе келсейші. Сонау бір жылдары Димаш Қонаевтың басына бұлт үйіріліп, ардагер ұстаз Әкім Садықбековтің «Қонаевтың жазығы не?» деген мақаласы «Ақ жолдың» бетінде жариялағаны бар. Ел іші сонда дүрлігіп қалған болатын. М.Горбачевтің қаһарға мініп, қызыл империяның қалтылдап тұрған кезі еді бұл. Сол кездегі газет редакторы Арғынбай Бекбосынов көзсіз ерлік жасады. Осы хабарды халық аяулысы Димекеңе жеткізген Қыстаубай болатын. Ол редакция тапсырмасымен барғанда есік күзеткен КГБ-ның адамы ішке жібермей қояды. Қасарысқан Қыстаубай: «Мені туғанда апам ұл тудым деп қалжа жеген. Осыдан қара да тұр, кірмей кетпеспін!» – деп, табалдырығын күзетіп қала береді. Бірер сағаттан соң ішкі жақтан үлкен кісінің төбесі көрінгенде: – Аға! – деп үн қатқан екен. Димекең осылай оны ішке кіргізіп алады. Көзі тірі болғанда бұл екі дос туралы әлі де небір қызық әңгімелер туары анық еді. Бірақ тағдыр оған жазбады. Жетпістің о жақ, бұ жағында екеуі де дүниеден озды. Біз кешеден бүгінге келген ұрпақпыз. Өткен ғасырды аяқтап, жаңа ғасырды жастармен бірге бастаған арадағы көпірміз. Сарқылып бара жатыр дариялар, Азайып бара жатыр қариялар, – демекші, біздің қатарымыз да тым сиреп қалды. Ал биылғы жылы өзінің тоқсан бес жылдық мерейлі жасына жеткен облыстың бас басылымы «Ақ жол» газеті біздің сол берік достығымыздың, қуанышқа толы күндеріміздің куәгері әрі себепшісі бола білді. Аға басылым алдағы уақытта да жас пен жасамыстың мәңгі сырласы, шежірешісі болып қала береді деп ойлаймыз.

Газеттер