Мемлекеттік қызмет көрсетуде кедергі болмауы тиіс
Мемлекеттік қызмет көрсетуде кедергі болмауы тиіс
«Нұр Отан» партиясының 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Мемлекеттік қызмет көрсету» бойынша облыстық комиссияның кезекті отырысы облыстық мәслихаттың депутаты Абай Нұржановтың төрағалығымен өтті. Комиссия отырысында білім беру орындарында ақпараттық жүйелерді орнату, «Электронды үкімет» порталы және өзге де ақпараттық жүйелерді «е-әкімдік» ақпараттық жүйесі арқылы интеграциялау мәселелері қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырованың сөзіне сүйенсек, облыста 213 мектепке электронды оқыту жүйесі енгізіліп, 447 білім ошағы кең арналы интернет желісіне қосылған екен. Өткен оқу жылынан бастап 150 мектепке «Күнделік» жобасы бойынша пилоттық режім енгізіліпті. Жалпы, 320 білім беру мекемесі онлайн, 129 мектеп «BiIimLand» платформасына қосылған. «Облыстағы 450 мектепте 20366 дана компьютер бар, 347-сі 1678 интерактивті тақтамен жабдықталған. Былтыр 315 мұғалім информатика пәні бойынша «Роботтехника» бойынша курстарында біліктіліктерін арттырған болатын. Өңірде 89 білім ошағы Lеdо роботтармен қамтылған. Алдағы уақытта интернет жылдамдығы төмен 132 мектептің интернет жылдамдығын арттырып, 135-інің техникалық инфроқұрылымын дайындап, электрондық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына «Алғашқы әскери және технологиялық даярлық» міндетті оқу пәні енгізілмекші. Ондағы мақсат – робот техника негіздері мен IT–технологияларды қамтамасыз ету», – дейді Жәмилә Елеуқызы. Жәмилә Бекбатырова Тараз қаласы бойынша оқушыларды 1-сыныпқа қабылдауды, балабақшаға балаларды кезекке қою бойынша автоматтандырылған жүйені енгізу бағытында жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Жекеменшік колледждердің жай-күйі, олардағы білім сапасы мен тәртіп мәселесін сөз етті. Бір «әттеген-айы» білім басқармасына жекеменшік колледждерді тексеріп, жұмысын қадағалау құқы берілмеген. Сондықтан, басқарма мамандары білім сапасы бойынша тексеру жүргізе алмайды. Комиссия мүшесі Ерғали Омаров бұл мәселені әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестер және «Нұр Отанның» филиалдары арқылы жүргізуді ұсынды. Жиында облыс әкімдігі мемлекеттік қызметті дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Ихиева «Электронды үкіметтің» мемлекеттік қызмет көрсету кезінде әкімшілік сипаттағы барлық кедергілерді болдырмаудың жалғыз жолы екенін айтып, 2017 жылдың 10 айында облыс бойынша 4,7 миллион мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілгенін қозғады. Оның 13,7 пайызы – қағаз, 41,4 пайызы – баламалы, 3,7 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы, 41,2 пайызы электрондық форматта ұсынылған. Дерекке сүйенсек, жергілікті атқару орындары қағаз түрінде көрсетілетін қызмет көлемін 1,3 пайызға азайтқан. Есесіне электронды форматта көрсетілетін қызмет түрі 3,4 есеге артқан. Жиынды комиссия төрағасы Абай Нұржанов қорытындылап, мемлекеттік қызмет көрсету жеделділікті, жауапкершілікті, жаңашылдықты қажет ететінін ескертті.
Есет Жаңабайұлы, журналист.