Экономика

Байлығын мойындатқан Мойынқұм

Байлығын мойындатқан Мойынқұм

Балығымен де, салығымен де, кенімен де, көркімен де өсе бермек

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұрнағы күні Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен атбасын бұрып, өлкенің қуатты келешегіне кәміл сенім білдірді. Алдымен өндіріс орындарын аралаған облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы әлеуметтік нысандарға да бас сұғып, аудан активімен кездесті. Сапар барысында алдағы жоспарлар мен күтілетін нәтижелер легі пысықталып, жаңа өндіріс орындарының жұмысына бағдар жасалды.

15

Өндірістің қызу қарқыны бүгінде аудандағы шалғай аймақтарда айқын сезілуде десек, бұл тұста Мыңарал ауылдық округіне ерекше тоқталуға мүмкіндік бар. Балқаш көлін жағалай орналасқан елді мекеннің халқы осы уақытқа дейін балық аулау кәсібін табыс көзіне айналдырып келген. Ал, 2010 жылы мұнда балық өңдеумен айналысатын «Компания Мыңарал» ЖШС-ның құрылысы басталып, округ аумағында 1990-1965 жылдары аралығында жұмыс істеген өндіріс қайта жанданады. Жобаның құны 600 миллион теңгені құраса, зауыт толық күшіне енген соң жылына 3000 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр. Облыс әкімі бастаған топ ең алдымен осы кәсіпорынға табан тіреп, ондағы құрылыстың аяқталу сатысында екендігіне куә болды. Биыл қыркүйек айында толық қарқынмен іске кірісуді көздеп отырған өндіріс орны әзірге балық қабылдау, оларды мұздату сияқты жұмыстармен ғана айналысуда. Зауыт директоры Сергей Нидің айтуынша, бүгінде жартылай фабрикат, қылтанақтарынан ажыратылған балық етін дайындау, балық қалдықтарынан ұн жасау және компрестік цехтарының құрылысы аяқталып, тек тазалау құрылғыларының жұмысы аяқталмай тұр екен. Аталмыш цехтардың барлығы іске қосылғаннан кейін зауыт 250 адамды жұмыспен қамтитын болады. Берік мақсаттарға бағыт алған серіктестік алдағы уақытта Балқаш көлінен ауланатын балықтың барлық түрлерін өңдеп, шетелдерге экспорттамақ. Облыс әкімі К. Көкірекбаев зауыттың толыққанды іске қосылуға қаншалықты дайын екендігін сұрап, проблемалық мәселелеріне үңілді. Компанияның осы уақытқа дейінгі шешілмеген бір мәселесі тоқ күшінің төмендігіне байланысты болып келген еді. Алайда, бұл олқылықтың орны толатын күн алыс емес. Себебі, бүгінде 1600 ваттық трансформатор орнатылып жатыр. Зауыт басшысы Сергей Константинович қазіргі күрмеуі қиын проблема компания меншігіндегі балық аулау учаскесінің тапшылығына келіп тірелетінін жеткізді. «Зауыт еш тежеусіз бар қуатымен іске қосылу үшін осы мәселенің түйіні тарқалу қажет», дейді ол.

Мыңарал ауылдық округінің мәртебесін көтеріп тұрған тағы бір ірі өндіріс орны – «Жамбыл Цемент» компаниясы. Зауыт 2010 жылы іске қосылып, өнім көлемін жыл санап өсіріп келеді. Мәселен, бастапқыда 1миллион 200 мың тонна цемент алу межеленсе, биыл осы көрсеткішке қол жеткізе алатын мүмкіндіктері бар. Жобаның құны 34 953 миллион теңгені құрайды. Осы алып зауыттың арқасында жалпақ даладан қала іргесі көтеріліп отырған жайы бар. Мәселен, жұмысшыларға жағдай жасау мақсатында, мұнда көпқабатты үйлер, жатақхана, тренажер залы, тіпті балаларға арналған шағын орталыққа дейін салынып, «Самал» қалашығы пайда болған. Зауыттың өзінде қазір 212 адам жұмыс істесе, «Мыңарал Тас» карьеріндегі жұмысшылар саны 30 адамды құрайды. Бұдан бөлек, асхана, күзет қызметі, жүк тиеу сияқты шаруаны мердігерлер қарамағындағы 200 адам атқарады екен. Осы өндіріс орнына да атбасын бұрған облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы зауыт директоры Анатолий Медюковпен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Оның ішінде жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту мәселесі көбірек қозғалды. Осы орайда, зауыт директоры Анатолий Иванович жұмысшыларының жартысы дерлік жергілікті адамдар екендігін, мамандықтары сәйкес келсе мойынқұмдықтарды қуана қабылдайтындықтарын айтты. Облыс әкімі К. Көкірекбаев жергілікті басшылыққа маман даярлау бойынша жұмыс істеу керектігін тапсырды. Сонымен қатар, өндіріске қажетті шикізаттардың ішінде көмірдің аудан аумағынан алынбауының себебін сұрады. Бұл ретте зауыт басшылығы жақын арадан көмірді тұтыну экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, ол көмірдің ұшпасы мен күл қалдығы жоғары екендігін алға тартты. Бұл себептер үккіш құрылғының қауіпсіздігіне және шығынға әсер ететіндігін жеткізді. Кездесу барысында тасымал мәселесі, оның ішінде зауыттың Мыңарал стансасындағы темір жол желісімен байланысы туралы айтылып, бұл проблеманы күн тәртібінен түсіруге болатындығы шешілді. Бүгінде Мойынқұм ауданында Бірлік және Шығанақ округтері тірек ауылдар тізіміне енген болатын. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан 3000-нан астам тұрғыны бар Шығанақ ауылдық округін осы орайда жақсы жаңалықтар күтіп тұр. Мәселен, мұнда халыққа қызмет көрсету орталығы, кәсіптік-техникалық колледж және әкімшілік ғимараты ашылмақ. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы жұмыс сапарында аталмыш мекемелерге берілетін ғимараттың ішкі жағдайымен танысты. Кезінде теміржолшылардың демалып, ауысым кезегін ауыстыратын нүктесі болған екі қабаттан тұратын бұл ғимараттың ішкі көрінісі мен сапасы көңіл қуантарлықтай күйде сақталыпты. Аудан әкімі Болат Мәдікеновтің айтуынша, мұндай құрылысты жаңадан көтеретін болса, оның құны 200-300 миллион теңгеге жуықтап қалуы мүмкін екен. Ал, аудан бұл теміржолшылар жатақханасын небәрі 10 миллион теңгеге сатып алыпты. Мұндағы бірінші қабат ХҚКО-ның қажетіне жараса, екінші қабатта ТИГУ ректоры Е. Саурықовтың ұсынысымен колледж ашылмақ. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін ауыл клубының ғимаратында отырған Шығанақ ауылдық округі әкімшілігі де осында жайғаспақ. Бұл ғимаратты қыркүйек айынан бастап пайдалануға беру жоспарлануда. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы осы орайда: «Бір қағазды алу үшін Шығанақ, Мирный, Ақсүйек, Мыңарал, Үлкен ауылдарының халқы өздерінен қашық орналасқан аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығына баруға мәжбүр болатын. Ендігі жерде мына ғимарат олардың бәріне тиімді әрі ыңғайлы жағдай туғызбақ. Аудандағы зауыттардың барлығына бүгінде маман керек, сондықтан осы ғимараттан колледж аша отырып, жергілікті жастарды қажетті мамандықтарға бағыттай аламыз. Ғимаратты дұрыс пайдаланған абзал. Қажетті жөндеу жұмыстарын жасатып береміз», деді. Облыс әкімі К. Нәсбекұлы бұдан кейінгі сапар бағытын Хантау ауылдық округіне қарай бұрды. Жер қойнауының қазынасын қажетіне жаратып жатқан өндіріс аймағында бұл күні тағы бір зауыт іске қосылды. «Ұлттық қор», «Даму», «Самұрық-қазына» қорларының қолдауымен ашылған, құны 380 мың АҚШ доллары болатын «Компания Инвест МК» ЖШС-ның асфальтбетон және битум эмульсиясын, қара түсті шағал және битум шығару зауыты 3 ай мерзімде бой көтеріпті. 25 адамға жұмыс орны ашылған бұл зауыттың қазірдің өзінде тапсырыстары жоқ емес. Жұмыс қуаты сағатына 80 тонна болатын зауыт құрылғысы қытай елінен алынған. Әзірге керекті шағалдарды Тараз қаласынан тасып, жол жөндеумен айналысып жүрген серіктестік жақын күндері өздерінің үккіш құрылғысын іске қосып, қажетті қоспаларды дайындамақ. «Компания Инвест МК» ЖШС-ның асфальт өңдеу зауытының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі К.Көкірекбаев бұл жобаның өңірге, әлеуметтік салаға өте қажет екендігін атап өтті. Сондай-ақ, салтанатта сөз сөйлеген «Компания Инвест МК» ЖШС-ның вице-президенті Сәтбай Қожамқұлов зауыттың сапалы өнім беретініне уәде берді. Өндіріс орындарына бағытталған жұмыс сапарын облыс әкімі К. Нәсбекұлы Хантау ауылдық округіндегі «ACIG» АҚ-ның цемент зауытымен тәмамдады. Өндіріс қуаты жылына 500 мың тонна өнім өндіру жоспарланған зауыт іске қосылғаннан кейін 250 адамды жұмыспен қамтымақ. Алайда, аталмыш нысанның құрылысы белгіленген мерзімнен кешігіп отыр. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев зауыттың жобасына көз жүгіртіп, зауытты Хантау стансасымен байланыстыратын темір жол желісі турасында түзетулер енгізу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, жергілікті басшылық, Қазақстан темір жолының Жамбыл облыстық бөлімі және зауыт өкілдерінен жұмыс тобын құрып, аталмыш мәселені шешуді тапсырды. Бұдан бөлек, нысан толық іске қосылғанша оның тіркеуін Алматы облысынан Жамбыл облысына ауыстыру мәселесіне тоқталды. Жоба жетекшісі Василий Васильевич алғашқы клинкерді, яғни, ұнтақты ағымдағы айдың соңғы күндері, ал цементті қыркүйекте шығаратынын жеткізді. К. Көкірекбаев 1999 жылы өзі осы ауданға басшылық жасаған кезінде пайдалануға берген аудандық орталық аурухананың қазіргі таңдағы жай-күйімен танысты. Аурухананың бас дәрігері Гүлмира Кемелқұлова Елбасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында халықтың денсаулығын нығайту мақсатында қол жетіп отырған жетістіктерге тоқталып, қыруар қаржыға алынған жаңа медициналық құрал-жабдықтардың тиімділігін тілге тиек етті. – Халық денсаулығын қорғау сапасын арттыру үшін медициналық көмек деңгейін облыстық деңгейге дейін көтеру мақсатында ауданымызда соңғы бір-екі жылда құны 84 миллион теңге тұратын жылжымалы медициналық емхана, құны 53 миллион теңгелік «Мамақор-М» сүт бездерін тексеретін жылжымалы көлік қызмет көрсетуде. Аурухананың перзентхана бөліміне дүниеге келер сәбидің жағдайын анықтайтын «Фетальдық монитор», жансақтау бөліміне ауыр халдегі науқастың жағдайын бақылауда ұстайтын «төсектік монитор» аппараттары алынса, оған қосымша дәрілік заттарды үздіксіз микродозада тамырға жіберетін ине, жүкті әйелдерге және жас балаларға оттегімен қаныққан ауамен демалдыратын «Оттектік конденсатор» құрылғылары мен екі 12 арналы ЭКГ аппараты алынып, іске қосылды. Соңғы күн жаңалығы – сары ауру түрлерін және кейбір жұқпалы ауруларды анықтайтын Иммуноферменттік анализаторының алынуы аудан жұртшылығына және дәрігерлерге үлкен сый болды. Елді мекендерде ғимараттардың жаңа құрылыстары салынып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды, – деді бас дәрігер. Облыс әкімі ауруханадағы «Медкар-У» көлік құралына орнатылған медициналық мобильді әмбебап жиынтығы мен жылжымалы маммография рентгенін көріп, кез-келген елді мекенге барып, тұрғындар денсаулығын жедел түрде тексеруге мүмкіндіктің бар екендігіне көз жеткізді. Осындағы телемедицина орталығының да дертті дер кезінде анықтауға жағдай туғызып отырғандығын білген Кәрім Нәсбекұлы ана мен бала денсаулығына айрықша назар аудару қажеттігін еске салды. Бас дәрігер бұл тұрғыда қазіргі кезде алаңдатарлық оқиғаның тіркелмегендігін, басқа да емделушілер тарапынан күрделі жайға тап болғандардың жоқтығын мәлім етті. Жалпы, бала туу саны ауданда жыл сайын өсіп келеді. – Сіздерде аурухана мен емхана бір жерде орналасқан ғой. Емхана қанша адамды қабылдауға арналған? – деді облыс әкімі. – 200 адам күндіз-түні ем қабылдай алады. – Нәтиже қалай? – Бұрын жылына 4500 адамды емдеп шықсақ, өткен жылы 3200 адамға ем жасадық. Науқастардың аурудан айығу деңгейі көтеріліп келеді. Дәрі-дәрмек жағынан қиындық жоқ. – Проблемаларыңыз бар ма? – Аудан бойынша 9 медициналық автокөлік қажет. – Бұл мәселені алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешуді қолға алатын боламыз, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы бұдан кейін екі қабатты ғимаратқа жайғасқан «Құлыншақ» балабақшасында болды. Бөлім меңгерушісі Райхан Жұмашева жұмыстары жөнінде баяндап, балалардың ойнайтын, тынығатын бөлмелерін көрсетті. «Екінші қабаттағы ашылып-жабылатын терезелер сыртына торкөз орнату қажет. Балалар ойнағанда қауіпті жағдай туындамас үшін», деді облыс әкімі К. Көкірекбаев балабақша меңгерушісіне. Ол және де бүлдіршіндердің тәлім-тәрбиесіне баса көңіл бөліп, ұжымдағы 15 тәрбиеші мен 33 қызметші де міндеттеріне зор жауапкершілікпен қарағандары жөн деп, басқа да бірнеше ескертпе-ұсыныстарын білдірді. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудан әкімдігінде актив жиынын өткізді. Ол осы өңірде жұмыс істеп жатқан және құрылыстары жыл аяғына дейін аяқталып, алғашқы өнімдерін бере бастайтын бірқатар ірі өндіріс орындарын аралап келгендігін, бұл игі істердің аудан экономикасын көтеруге алдағы уақытта үлкен үлес қосатынын жиылған қауымға паш етті. Облыс әкімі аудан ахуалын, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында маңызды шараларды бірлесе орындауды ойластыру үшін аталған басқосуға облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев және бірнеше басқарма, департаменттер басшылары да, аудандағы барлық ауыл әкімдері де шақырылғанын айтып өтті. Жиында көптеген көкейкесті проблемалар қозғалып, оның шешілу жолдары қарастырылды. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы тиісті сала басшылары мен аудан әкімі Болат Мәдікеновке күн тәртібінде тұрған өткір мәселелердің уақтылы шешілуін қадағалауды тапсырды. «Қорытындысын екі айдан соң өзім келіп, халықпен жүздесе отырып білетін боламын», деді облыс әкімі сөзін түйіндеп.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, Лесбек САЙЛАУБЕК, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Мойынқұм ауданы.