Әлеумет

Жамбылдық компаниялар жеңісі

Жамбылдық компаниялар жеңісі

Астанадағы «Expo конгресс-орталығында» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жыл сайын ұйымдастырылатын ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі мен «Парыз-2017» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Ең бір қуанарлығы, олардың арасында жамбылдық компаниялар да бар. Әрі олар біреу емес, екеу. Осымен 12 жыл қатарынан сапалы тауарлар мен өнімдер, жоғары деңгейде қызмет көрсету, кәсіпорынды заман талабына сай техникамен жабдықтаған, инновациялық әдістерді енгізген бірегей кәсіпорындарды анықтау мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқауда «Қазфосфат» ЖШС компаниясы «Алтын сапа» сыйлығынан үміткер еліміздегі 101 компания арасынан топ жарып шығып, «Сапа үздігі» аталымында үздік деп танылды. Серіктестік, сондай-ақ, ҚР «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған «Ұлы Дала Елі» шатырлы брендін қолдану құқығын беру байқауында отандық қызмет көрсетушілер мен тауар өндірушілерге берілетін таным белгісінің де иегері атанды. Бұған дейін соңғы 10 жыл көлемінде жамбылдық кәсіпорындардың ешбіріне де Ұлттық кәсіпкерлік палатасының мұндай сыйлығына ие болу мәртебесі бұйырмаған-ды. Аталған марапаттау салтанатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеңімпаздарға «Іскер» арнайы сыйлықтарын да табыс еткені белгілі. Бұл сыйлық табысты кәсіпорындарды қолдау мақсатында 2015 жылы белгіленген болатын. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша өз саласында белсенді де сапалы қызмет атқарған еліміздегі 10 компания аталған сыйлықтың иегерлері атанды. Атап өтерлігі сол, үздіктер қатарында облысымыздың Қордай ауданындағы «АLENSIA» компаниясы да бар. Негізінен балалар киімдерін тігумен айналысатын бұл бірегей кәсіпорын 2009 жылы құрылған. Өндіріс көлемін едәуір ұлғайтып, балалар киімдерінің түр-түрін дайындау, өткеру нарығына белсенді атсалысуда. Барлық жастағы мектеп оқушыларына арналған мектеп үлгісі мен балалар киімдерін елімізден тыс Беларусия және Ресей елдеріне де экспорттайды. Мекеме бүгінде білікті де тәжірибелі тігіншілерді, технологтарды, модельерлерді қоса есептегенде, барлығы 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осылай биыл өндірістік салада алғаш рет облысымыздың сый-қоржыны бірден үш бірдей жүлдемен толықты. Бұл – өңірімізде кәсіпкерлік ортасының берік қалыптасып, қарқынды дамуының да жемісі.

«Ақ жол-Ақпарат».