Білімгерлерге берері мол байқау
Білімгерлерге берері мол байқау
Облыстық прокуратураның бастамасымен және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен оқушылардың діни сауаттылығы мен таным-түсінігін қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризм қаупіне қарсы тұру, дарынды жас зерттеушілерді іріктеу және қолдау көрсету мақсатында «Үздік реферат» байқауы өтті. Оған облыс мектептерінен жиырмаға жуық оқушы қатысты.
Алғаш рет өткен доданың жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов құттықтап, марапаттады. Тақырыптың өзектілігін және дұрыс көтеріліп отырғандығын айтқан ол қатысқан оқушылардың барлығына белсенділіктері үшін алғысын да білдірді. Облыс прокурорының міндетін атқарушы Айдос Майлыбаев әрбір ғылыми жобаны өзі оқып көргендігін, одан оқушылардың ізденісі байқалып тұрғандығын айтты. «Бұл байқау ғылыми өсуге, шығармашылық белсенділікті арттыруға әсер етіп, өзге діни ағымдардан сақтанудың алдын алады. Өз білгендеріңді, зерттегендеріңді қатарларыңа да айтып жүріңдер», – деді А. Майлыбаев. Сонымен, Тараз қаласындағы №40 гимназияның 9-сынып оқушысы Танзиля Елеусизованың жұмысы ең үздік деп бағаланып, оған арнайы диплом пен «Самсунг галакси» ұялы телефоны салтанатты түрде табысталды. Қордай ауданы №29 орта мектебінен Айдай Абитова, Тараз қаласындағы №31 орта мектептен Сурайе Кудратуллаева, Жамбыл ауданы А.Әйтиев атындағы орта мектебінен Зора Исмаилова, Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептен Дәрмен Бексұлтан да жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Өз кезегінде оқушылар да тақырыпқа байланысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».