Спорт және туризм

АРАЙЛЫМ СЕНІМДІ АҚТАДЫ

АРАЙЛЫМ СЕНІМДІ АҚТАДЫ

Кәсіпкер Айша Махатайқызының «Қара бура» ЖШС қарамағындағы «Ерсан Жанат» жекеменшік балабақшасының ұжымы саналы да білімді ғана емес, саламатты ұрпақ қалыптастыруда еңбек етіп келеді. Мұнда жас ұрпақты талапты да тапқыр, талғампаз да терең ойлы, төзімді де табанды етіп тәрбиелеу үшін өнер, білім, спорт үйірмелерінің түр-түрі жұмыс істейді. Мамандығымыз балалармен тығыз байланысты болғандықтан болар, біздер үшін белгілі бір өнер, спорт түріне бейім балақайларды ажырата қою аса қиындық тудырмайды. Сол секілді 6 жасар Арайлым Жұмаділдің де ширақтығына қарап, спортқа бейімдігін балабақшамыздағы таэквондо үйірмесінің жаттықтырушысы Талғат Қарлыбаев бірден байқай білді. Айтқандай, нәтижесі де аса көп күттірмеді. Үйірмеге қатысқанына небәрі 1 айдай болған Арайлым «Балалар мен жасөспірімдер және жастар арасында таэквондо (WTF) жекпе-жегінен Шу қаласының таэквондо федерациясының кубогі үшін» өткен Шу қаласының ашық біріншілігіне қатысып, 6-7 жас аралығында 18 келі салмақ дәрежесінде екінші орын алып келді. – Балабақшада таэквондо үйірмесінің ашылғанына жарты жылдай уақыт болды. Үйірме аптасына 3 рет болады. Арайлым алғаш келген кезден-ақ өзінің спортқа жақын екенін аңғартты. Қимыл-қозғалысы жылдам, епті. Сондықтан Шу қаласында өтетін біріншілікке балаларды апарарда таңдау бірден Арайлымға түсті. Өзім Тараздағы №53, №45 орта мектептерде жаттықтырушы болып жұмыс істейтіндіктен, сол білім ошақтарынан барлығы он шақты баланы жарысқа апарған едім. Солардың ішінен Арайлым сенімді ақтап, жүлделі орыннан көрінді. Жас спортшының әлі талай жарыстарда топ жаратынына сенімім мол, – дейді «Ерсан Жанат» балабақшасының жаттықтырушысы, қара белбеу иегері Талғат Қарлыбаев.

Жазира ЕЛІБАЕВА, «Ерсан Жанат» балабақшасының әдіскері.

Мырзатай ауылы, Байзақ ауданы.