Экономика

Кооперативтер аяқтарына қаз тұрып келеді

Кооперативтер аяқтарына қаз тұрып келеді

db11ed8b6512c7df4f991e093334e48f_XL

алайда олар үшін несие алу қиынға түсуде

Елбасымыз өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа биылғы Жолдауында аула шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарын ірілендіру арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың өте-мөте өзекті екенін атап көрсеткені белгілі. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықты жоюға септесіп, азық-түліктің жеткілікті қоры жасалуына жол ашпақ. Осыған байланысты соңғы екі жылда Сарысу мен Талас аудандарында ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыруға байланысты бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда.

Әрине, қай жұмысты да бастау қиын. Кезінде жекешелендіру саясатымен ұсақ шаруашылықтарға бөлініп кеткен жекеменшіктік құрылымдарды қайта ірілендіру оңайға соғып отырған жоқ. Алайда азық-түлік өндіру ісін бірлесе жүргізу және өнімдерді нарыққа шығару жеке шаруаның емес, ұжымның игілігіне айналатындығын кезінде өмір көрсеткен. Сарысу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейілбек Дариябековтің айтуына қарағанда, ағымдағы жылы аудан бойынша «Саудакент», «Бірлік – Жаңаталап», «Игілік», «Агро – Күмістөбе», «Іскер», «Жастар», «Түркістан» ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында несие алған тұлғаларды ауылдық округтеріне және орналасқан жеріне байланысты біріктіріп, мал өсіру бағытындағы 3 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға ауыл әкімдігіне ұсыныс берілген екен. Соның нәтижесінде Байқадам ауылдық округінде «Үмітагрогрупп», Жайылма ауылдық округінде «Айшуақ», Тоғызкент ауылдық округінде «Бірлік» ауыл шаруашылығы кооперативтері шаңырақ көтеріпті. Оларға барлығы 15 жеке тұлға біріккен. Аталған агроқұрылымдардың жұмысы бірден алға басып кетті деуге әлі ертелеу. Дегенмен, Сарысу ауданындағы «Игілік» кооперативінің заман көшіне ілесіп, егін егіп, мал өсіруде нәтижелі жұмыстар атқара бастағандығын естіп қуанып қалдық. Ал Сейілбек Дариябеков кооперативтердің барлығы бірдей аяғынан қаз тұрып кетпегенін айтады. – Олардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндіктері жете бермейді, – дейді ол. – Себебі, түрлі ауыл шаруашылығын қолдау қорларынан, екінші деңгейдегі банктерден несие алу үшін кепілдікке қоюға жылжымайтын мүліктері жоқтығынан, олар несие алуға қауқарсыз. Қолда бар мүліктері төмен бағаланғандықтан, банктер жарытып несие бере қоймайды. Осы тақылеттес әңгімені Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың аузынан да естідік. Мал саны жөнінен облыста алдыңғы қатардағы өңірде күні бүгінге дейін бар-жоғы 9-ақ кооператив құрылған. Әділет органдарына да тіркеліпті. Атап айтқанда, олар – Бостандық ауылдық округіндегі «Табыс», Аққұм ауылдық округіндегі «Төлебаев», Берікқара ауылдық округіндегі «Берікқара», «Әзімхан», Қаратау қаласындағы «Талас қымызы», Аққұм ауылдық округіндегі «Аққұм-Береке», Кеңес ауылдық округіндегі «Бахтымбет», Бостандық ауылдық округіндегі «Тәжібай», «Бостандық Агро Холл» ауыл шаруашылығы кооперативтері. Мұның ішінде «Табыс» мал және егін шаруашылығымен айналысуда. Ағымдағы жылы егістік алқаптарында дәндік жүгері – 10, картоп – 2, бақша дақылдары – 3, көпжылдық шөп 30 гектарға өсірілген. Мүйізді ірі қара малын асылдандыру бағытында жұмыс жүргізіп, 600 мың теңге субсидия да алыпты. «Төлебаев» мал, егін шаруашылығымен қатар, қызмет көрсету саласын да қамтып отыр. «Берікқара» негізінен егін шаруашылығымен айналысуда. Ағымдағы жылы 250 гектарға күздік бидай орналастырған. Сонымен қатар, жүн-тері дайындау жұмыстарын да қолға алған. «Әзімхан» ағымдағы жылы 120 гектарға жаздық арпа, 200 гектар алқапқа мақсары еккен. Олар мақсарыны өңдеуші кәсіпорындарға өткерумен шектеліп отыр. Ал «Талас қымызы» Қаратау қаласындағы жеке аула шаруашылықтары мүшелерінен құрылған. Өндірген қымызын қаладағы сауда нүктелерінде сатуда. Мемлекеттен жәрдем алу үшін аталған кооператив өз мүшелерінің санын 20 тұлғаға жеткізуді межелеуде. «Аққұм-Береке», «Бахтымбет» кооперативтері де осындай жұмыстар жүргізуде. «Тәжібайлықтар» ауданға белгіленген индикативтік жоспарға сәйкес мал сою пунктін, мал бордақылау алаңын ашпақшы. Модульдік мал сою алаңын алу үшін 23,0 миллион теңгеге Алматы қаласындағы «PROSNAB service» ЖШС-мен келісім-шартқа отырып тапсырыс беріп те қойыпты. «Бостандық Агро Холл» құрылтайшыларының 100-ден аса мүйізді ірі қарасы, 60 жылқысы және 3000-дай қой-ешкісі бар. Кооператив коммуналдық меншіктегі жұмыс істеп тұрған мал сою алаңын жалға алып, жарақтандырып жұмыс жүргізуді межелеуде. – Аталған кооперативтер жаңадан құрылуы себепті, жарақтандыру ісін әлі бастай қойған жоқ. Жалпы, жұмыстарды одан әрі жандандыруға кейбір кедергілер қолбайлау болуда. Мәселен, оның бірі – мал бордақылау, мал сою бағытындағы кооперативтің мемлекеттен жәрдем алу үшін модульді мал сою пунктін сатып алуға міндеттілігі. Оған қарапайым шаруаның шамасы келмейтіні белгілі. Нақты жағдайда мұның қажеттілігі де шамалы. Бір ауылға 3 мал сою алаңының қажеті жоқ. Мысалы, Бостандық ауылдық округінде мемлекеттің қаржысымен соғылған коммуналдық меншіктегі мал сою алаңы (аудан бойынша үшеу) бар. Осы мал сою алаңы жаңадан ашылған кооперативке заңдастырылып берілсе, үлкен көмек болар еді. Бұл мәселе көтеріліп те жатыр және осы бағытта жұмыс жасалуда. Тағы бір мәселе, қымыз өндірушілерге, жүн-тері жинаушыларға көмек қаржы бөлудегі кедергілер. Ауданда құрылған кооперативтер қаржы мәселесіне байланысты тиісті деңгейде жарақтандырылмауда. «Агробизнес-2020» бағдарламасының негізгі мақсаты – ел халқының 50-60 пайызын құрайтын ауыл тұрғындарын ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тарту арқылы жұмыссыздықты азайту, жеке шаруашылық әлеуетін пайдалану жолымен ауыл шаруашылығы өнімдерін молайту, сапасын жақсарту және өңдеуді жандандыру екендігін ескерсек, олардың мемлекеттен жәрдем алуға қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз қажет. Осы кооперативтерге берілетін несиелер кепілдіксіз берілмейді. Жаңадан іргетасы қаланып жатқан кооперативтердің несие алуға кепілдіктері жоқтың қасында. Жалпы, ауданда кооперативтер жыл ортасында құрылды. Сондықтан олардың жұмыстары Жаңа жылдан бастап жандандырылады деп күтілуде, – дейді А. Ерубай. Басшылардың айтуларына қарағанда, екі ауданда да ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Жаңадан кооператив ашамыз деп талаптанып жүрген шаруалар да бар. Алайда екінші деңгейлі банктерден несие алудың қиындығы бұл мәселені шешуге қолбайлау болып отырғаны байқалуда.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас, Сарысу аудандары.