Өмірін өлеңімен өрнектеген
Өмірін өлеңімен өрнектеген
Ақын Қайыпназар Шотбасовтың «Дүние-Дүрмек» атты жыр жинағы туралы бірер сөз
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Өмірін жүретұғын өртеп өлең, Халқымның бір перзенті ем еркелеген. Білмеймін кеш өлермін, ерте өлермін, Әйтеуір сен аман бол, еркем өлең, – деп жырлаған ақын Қайыпназар Шотбасов тірі болғанда бүгінде 70 жасқа толар еді. Қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қайыпназар Шотбасов көзі тірісінде жалынды жырларымен жырсүйер қауымды қуантып, оқырмандарына татымды дүниелер ұсынған дарынды ақын болғаны даусыз. Оның өміршең өлеңдері бүгінде жырсүйер қауымның жүрегінде жатталып, сақталып келеді. Қаламгердің өмірге келуіне жетпіс жыл толуына орай, ұл-қыздары, ұрпақтарының мұрындық болуымен «Дүние-дүрмек» атты жыр жинағы жарық көрді. Алматыдағы «Сеп» баспасынан жарық көрген кітапқа бұрын-соңды жарияланбаған жырлары еніпті. Жинақ «Қызығын жырларымның халқым көрсе...», «Бар ғұмыр қаққандай-ақ кірпігіңді...», «Асыл жан сирек келер бұл өмірге...» секілді үш бөлімнен тұрады. Жалпы оқырман қауымға арналған кітапты оқи отырып ақынның жүрекжарды сырларына, көңіл-күй лирикасына, өмірлік көзқарастарына қаныға аласыз. Оның тұнық жырлары ешкімді де бейжай қалдырмайды. «Өлең – менің өмірдегі серігім, Өзгелердің бәрінен де жерідім. Сол өлеңнің жолдарынан іздесін, Өлгеннен соң іздесе егер мені кім...» – деп жырлаған ақын әр шумағында ағынан жарылып, халқымен сырласқандай болады. Елінің, жерінің болашағына алаңдаған Қайыпназар Шотбасов халқымен тамырлас, тағдырлас екенін патриоттық сарындағы жырларында айшықтай түседі. «Сенің арқаң шаттығым да, күлкім де, Тағдырымыз байланыпты бір тінге. Бабалардың сан ғасырлық арманы, Қазақстан, сені сүймеу мүмкін бе?!» – деген секілді көптеген шымыр шумақтар соның айғағы. Бабалардың арманына айналған, өсіп-өркендеген тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбеті оның теңеулерінде әдемі көрініс табады. Кітаптың екінші бөлімінде ақынның егіз шумақтары мен төрттағандары берілген. «Өмірдің өзі өткел-ді, Жаз бен қыс, күз бен көктем-ді. Талаптан қалар көп белгі, Талапсыз жаннан жоқ белгі», – деген секілді төрттағандар терең ойларға жетелейді. Түсініп оқи білгенге бұл шумақтарда дұрыс бағыт-бағдар да, өмірлік кеңестер де жатқаны сөзсіз. Ал кітаптың соңғы бөлімінде ақынның белгілі тұлғаларға, елеулі еңбек адамдарына арнаған өлеңдері және өзге қаламгерлердің ақынға деген өлеңмен өрілген ізгі лебіздері берілген. Айталық, ақын Қасқырбай Нарбатыров Қайыпназар Шотбасовқа арнаған жүрекжарды арнауында былай деп жырлайды: «Толқын оймен тоғыстырып топты мың, Жұрт деп соққан жүрегінде жоқ тыным. Кім-кімнің де беретін ел нақ құнын, Танып отыр Шотбасовтың шоқтығын», – деген жолдар шын мәнінде Шотбасов шоқтығының биіктігін айғақтап тұрғандай. Ойымызды қорыта келе, мақаланы аталмыш кітап соңында берілген ақынның жары Аманкүл Алдашованың бір ауыз сөзімен аяқтағанды жөн көріп отырмыз. «Қайыпназар жақсы жолдас, балаларына қамқор әке бола білді. Ол ары мен намысын жоғары қоятын ақ жүректі азамат, биік парасат иесі еді. Алтындай жарқыраған дарыны арқасында өз басының жақсы қасиеттерімен, еңбекқорлығымен халқына адал қызмет көрсетудің жарқын үлгісін көрсете білді». Иә, өмірін өлеңіндей, өлеңін өміріндей көретін ардақты ақынның есімі, жалынды жырлары ұрпақтарының жадында, оқырмандарының жүрегінде сақталып қалары сөзсіз.