Мексикада мерейі үстем болды
Мексикада мерейі үстем болды
Жүзу спортынан Зүлфия Ғабидуллина әлем чемпионы атанды Суда балықтай еркін жүзетін жерлесіміз Зүлфия Ғабидуллина алмаған асу қалмады. Қай жарысқа қатысса да, қатарынан оза шауып, бәйге алып жүрген жамбылдық спортшы жүзуден Мексика төрінде өткен әлем чемпионатында да атой салды. Осылайша кезекті мәрте Алаш жұртының мерейін арттырды. Әлем біріншілігінің күміс медалін және қола жүлдесін бірнеше мәрте жеңген әлемнің 12 дүркін рекордшысы, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен паралимпиялық ойындардың чемпионы, даңқты жерлесімізге жетпей тұрғаны тек қана осы әлемдік сынның алтын жүлдесі болатын. Жаһандық доданың алтын медалінің сыңғырын еститін сәт те келіп жетіпті. Ілгеріде Зүлфия алдағы уақытта әлем чемпионы атануға бар күш-жігерін салатынын сөз етіп, жанкүйерлерін жарқын жеңістермен қуантуға дайын екенін айтқан-ды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, қарымы шексіз Зүлфия Ғабидуллина шүмектеп төккен тердің, тынымсыз жаттығудың арқасында ел сенімін ақтады. Иә, біз жамбылдық жүзу спортының шебері Зүлфия Ғабидуллинамен қалай мақтансақ та болады. Қандай марапатқа да лайық. Мексикада жалауы желбіреген әлем біріншілігінде паралимпиялық жүзудің хас шеберлері бақ сынады. Азуын айға білеген мықтылардың қай-қайсысы болса да, тек қана чемпион атану мақсатымен келгені анық. Жүздерінен де соны аңғардық. Алайда Зүлфияның жөні бөлек қой. Жүзу жолағын маңайлаған қазақстандық спортшының жүзінен жылы жымиыс байқалды. Көңіл-күйі көтеріңкі секілді көрінді. Еркін стильдегі жүзу бойынша 50 метр қашықтықта сынға түскен жерлесіміз салған жерден көш тізгінін қолға алды. Сәт санап қарқынын үдеткен Зүлфия қарсыластарынан қара үзіп шығып, жеңіс туын желбіретті. Қоржынымызда алтын жүлде! Күміс медальға қол жеткізген грекиялық Александра Стаматопула қазақстандық спортшыдан үш секундқа жуық қалып қойды. Ал үшінші орынды иеленген италиялық Патрисия Валле қос мықтыны маңайлай алмады. Иә, Зүлфия Ғабидуллина нағыз бабында екен. Өзінің шын мықты екеніне кезекті мәрте шүбә келтірмеген жамбылдық спортшының әлі талай ел мерейін арттыратынына кәміл сендік. Өзі армандағандай тағы бір мәрте паралимпиялық ойындардың чемпионы атанатын мүмкіндігі мол сияқты. Оны енді уақытында көре жатармыз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».