Саясат

Бұл басқосудың берер тәлімі мол

Бұл басқосудың берер тәлімі мол

Бүгін Тараз қаласында ауылдық округтер мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің жұмысын жетілдіруге бағытталған  облыстық семинар- кеңес өз жұмысын бастайды. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне сай, өткен жылы сайланбалы негізде іске кіріскен жергілікті әкімдер үшін бұл басқосудың берері мол болмақ.

10Елбасының бастамасы бойынша ауылдық округ әкімдерінің кандида­тураларын аудан басшысының баламалы түрде ұсынып, олардың жергілікті тұрғын халықтың талқылау тезінен өтуі және өкілді орган — аудандық мәслихат депутаттарының таңдауына ие болуы, әкімдік институттың төменгі буыны болып табылатын ауыл әкімдеріне үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі даусыз. Аудандағы әкімдердің арасындағы ең жасы болғандықтан ба, өз басым, күнделікті қызметімде оны үнемі сезініп отырамын әрі артылған сенім­нің үдесінен шығуға күш саламын.

Зият Тұрсынұлы, Қонаев ауылдық округінің әкімі.

Жалпы, өзім әкімі болып табылатын Д. Қонаев ауылы – аудандағы ірі елді мекендердің бірі. Мұндағы әр ұлттың өкілдерінен құралған 1169 шаңырақта алты мыңнан астам адам тату-тәтті ынтымақтасып ғұмыр кешуде. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігінің әл-ауқаты жақсы, әлеуметтік мәселелері шешімін тапқан. Дені – еңбекке жарамды. Барлығы да ауылдық округ аумағындағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында, агроқұрылымдарда, фермерлік шаруа қожалықтарында еңбек етеді. Жұмыссыз жүрген он адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. «Жастар тәжірибесі» бойынша екі адам жұмыс істеуде. Мемлекеттен атаулы көмек, тұрғын үй жәрдемақысын алатын отбасылардың саны небәрі оннан аспайды. Аулымыздың әлеуметтік келбетіне тоқталсақ, қонаевтықтар әр уақытта да ауыл есімімен аталатын халқымыздың біртума ұлы, көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атына сай болуға ұмтылуда. Аулалар мен көшелер қай кезде де таза. Жолдардың басым бөлігі асфальтталынған. Биыл аудандық бюджеттің есебінен тағы да екі көшеге асфальт жабынды төселуде. Оның үстіне ағымдағы жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша бөлінген 5 миллион теңге қаржыға С. Оңласынов, Абылай хан, М. Жұмабаев пен Смайыл атындағы көшелерде түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге ауылдағы мыңға жуық бала оқитын, педагогикалық қызметкерлері мен техникалық жұмысшылары аралас 140-тан астам адам еңбек ететін орта мектеп, өткен жылы ғана «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 164 миллион теңгеге салып берген, 125 бала тәрбиеленетін «Бәйтерек» балалар бақшасы, емхана, клуб, кітапхана, байланыс бөлімшесі сияқты әлеуметтік мәні бар нысандар, мешіт және 21 дүкен мен наубайхана, 5 шағын кәсіпорын ауыл жұртшылығына жүйелі әрі сапалы қызмет көрсетуде. Ауданымыздың аумағы аграрлы өңірге жататындықтан Қонаев ауылдық округі тұрғындарының дені егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Округтегі төрт түлік малдың саны ірі қара бойынша 2756, қой-ешкі 15908, шошқа 1103, жылқы 475 басты құрайды. Егіншілікке жарамды жер көлемі 3734 гектарды алып жатыр. Дихандарымыз негізінен күздік бидай, жаздық арпа сияқты масақты және бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Ауыл тұрғындарының істің көзін таба білетін еңбекқорлығының бір дерегі ретінде айта кетейін. Біздің ауылда 270 отбасы үй іргесіндегі 15-16 сотық жер телімінде пленка астында қияр өсіреді. Қар кетіп, жер аяғы кеңейетін наурыз айының орта шенінен бастап, шілде түскенге дейін Шу, Қарағанды, Астана және Алматы қаласының базарларын жас қиярмен қамтамасыз етіп тұрады. Жыл аралығында Шу қаласындағы орталық базарды аралап көрген жан, ол жерден көршілес Өзбекстан Республикасы мен өзіміздің Оңтүстік Қазақстан облысынан әкелініп, саудаланып жатқан қиярды көре алмайды. Өйткені, шеттен тасымалданған өнім сапасы тұрғысынан да, бағасы жағынан да жергілікті өніммен бәсекелесе алмайды, өтпейді. Қонаевтықтар алдағы уақытта шалқан, қызанақ сияқты тұтынушылар сұранысындағы дақылдарды да осы тәсілмен өсіріп, ерте көктемнен бастап нарыққа шығаруды қарастыруда. Енді бүгінгі болатын барлық деңгейдегі әкімдердің облыстық семинар-кеңесіне тоқталсам, оның ауыл әкімдеріне берер тәлімі мол. Іс-шараның пленарлық және секциялық бөлігінде жергілікті атқарушы билік өкілдері өздерін толғандырып жүрген проблемалық мәселелерге қатысты тиісті құқықтық кеңестер алады, өзара тәжірибе алмасады, уақыт талабына сай өздеріне жүктелінетін міндеттердің бағыт-бағдарына қанығады. Егер бүгінгі таңда ауыл әкімдерінің өкілеттіліктері кеңейіп, әкімдіктердің материалдық-техникалық базасы жақсарып отырса, бұл ең алдымен, әр жылдары өткен әкімдердің облыстық басқосуларында көтерілген мәселелердің дұрыс шешімін тапқандығының нәтижесі.

Шу ауданы.