Әлеумет

Жақсы істердің жаршысы

Жақсы істердің жаршысы

Жандарбек Қаленов, Талас ауданының Құрметті азаматы. Көзі қарақты кез келген азамат күнделікті газет оқып, рухани жан дүниесін байытып отырады. Менің жасым 80-нен асты. 60 жылдан аса Қаратау тау-кен химия комбинатында үзіліссіз еңбек еттім. Құрметті кенші атандым. Сол 60 жыл бойы қолымнан облыстық газетті тастаған кезім жоқ. Өйткені, онда аймақтың тыныс-тіршілігі, қоғамдық-саяси ахуалы көрініс табады. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, ақжолтай хабар таратқан облыстық газет енді міне, 26 жылдан бері еліміздің егемендігін паш етіп, мемлекеттің мүддесін көздеп келеді. Маған газетіміздің жаңаша көзқарасты қалыптастыруға ұмтылуы ұнайды. Әсіресе, көп ұлтты еліміздің тұтастығына сына қақпай, елді бірлікке, ынтымаққа шақыруы құптарлық. Қандай мәселені көтерсе де салмақты ой, сабырлы пікірге шақырады. Адамның жан дүниесіне жарық беруге ұмтылады. Әрине, оның ішінде ұлттық мүддені ұлыстардың ой-санасымен үйлестіріп, Мәңгілік Ел құрудың идеясын асқақтатып отырады. Соңғы жылдары облыстық газет елімізді индустрияландыру туралы тұрақты жазып келеді. Әсіресе, Қаратау өңіріндегі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі жайлы осы басылымнан оқып, біліп отырамыз. Қаланы жаңғыртудың қалай жүзеге асырылып жатқандығынан да хабардар болып келеміз. Кейде тау қопарып, тас жонып жатқан кеншілер жайлы мақалалар оқып қалсақ қуанып қаламыз. Себебі, өлкенің өркендеуі өндіріске байланысты екендігін біз жақсы түсінеміз. Алдағы уақытта да осы үрдістен жаңылмаса екен деп тілейміз. Сондай-ақ, ауыл еңбеккерлері жайлы жазылған мақалаларды, әсіресе, проблемалық мәселелерді оқып риза боламыз. Бір кездері қаламызда сүт, ет, шұжық өнімдерін өңдейтін, тон тігетін цехтар көп еді. Соларды қайтып жаңғыртамыз деп талаптанып жатқан кәсіпкерлер туралы да көп оқығымыз келеді. Шын мәнінде, басылым заман ағымына ілесіп қана қоймай, алдағы атқарылар жұмыстарға халықты жұмылдырып, насихатшы, үгітші және ұйымдастырушы міндеттерін абыроймен атқарып келе жатыр десе де болады.

«Ақ жолға» жазылайық, ағайын! Қаратау қаласы, Талас ауданы.