Мәдениет

Әскерилер әннен шашу шашты

Әскерилер әннен шашу шашты

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінің жылма-жыл дерлік Елбасының халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді ел-жұртқа түсіндіріп, насихаттау мақсатымен өңірлерге шығып, мәдени іс-шаралар ұйымдастыруы дәстүрге де айналып отыр.

Аталмыш өнер ұжымы бұрнағы күні оңтүстік аймаққа, оның ішінде Жамбыл жеріне де келді. Патриоттық бағыттағы бұл сапары аясында өнер ұжымының «Баласағұн» орталық концерт залында концерті табыспен өтті. ҚР Қорғаныс министрлігі Бас штабы басшысының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі департаментінің басшысы Мұхамеджан Таласовтың беташар сөзімен ашылған іс-шара бірден-ақ қызып жүре берген. Әсіресе, жеке әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Қайрат Жүнісовтің, Нұрлан Нұртазиннің, сондай-ақ, Қарлығаш Аббасованың, Әсел Іргебайдың, Сая Үмбетованың, Алтынай Хабдесованың, Азат Маликовтың құйқылжыта шырқаған әндері мен би тобы мүшелерінің мың бұрала билеуі, әскери-үрмелі оркестр өнері де көрермендерді (дені Оңтүстік өңірлік қолбасшылық басшылары, әскери қызметкерлер) айрықша әсерімен баурады. Соңынан өнершілерге Оңтүстік өңірлік қолбасшылық әскерінің қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақов Алғыс хаттарын тапсырып, тиісінше сый-құрмет көрсетті. Ансамбльдің сапары одан әрі жалғасып, алдағы уақытта Т.  Рысқұлов ауданында, Қордай ауданының Гвардейск әскери қалашығында болып, өнерлерін ортаға салмақ.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».