Құқық

Медиацияның мемлекеттік маңызы зор

Медиацияның мемлекеттік маңызы зор

Қазіргі таңда дамыған мемлекеттің азаматтары арасында туындаған дау-жанжалдардың ісі сотқа жолданғанға дейін немесе сотта қарау барысында медиация институтының көмегіне жүгініп, екіжақты келісіммен медиаторды таңдап, олардың әрқайсысының мүддесіне сәйкес келетін шешімге келуі мүмкін. Медиация – бұл, тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Айтылған процестің белгілі бір жетістіктерге жету мүмкіндіктері зор, себебі, мұнда ерекше процессуалдық жағдайлармен қатар медиатордың кәсіпкерлік көмегі, жақтардың бір келісімге келуіне бағытталған. Медиация көптеген ғасырлар бойы бейбітшілікті орнықтыру қызметі жолында қолданылғаны мәлім.Медиацияның ең негізгі артықшылықтарының бірі – оның іс жүргізілу рәсімінің құпиялылығы болып табылады. Яғни, не болғаны, не айтылғаны құпия болып қалады. Сонымен қатар, құпиялы болып табылатын медиатормен жазылған ақпараттар, іс жүргізілу рәсімінің құжаттары мен материалдары жойылады. Қазіргі медиация институты ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та қалыптасты. Дәл осы кезеңде Америка экономикасында даулардың жаңа түрі – кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер орын ала бастады. Оларды шешу үшін арнайы федералды орган – медиация және бітімгершілік процедуралары жөніндегі АҚШ-тың федералдық қызметі құрылды. Кейін медиация тек еңбек дауларында ғана емес, отбасындағы, коммерциялық саладағы келіспеушіліктерді де реттеу үшін қолданыла бастады. Мемлекет азаматтық істер бойынша тараптардың сотта медиация тәртібімен бітімгершілік келісімін бекіткен кезде, төленген мемлекеттік баждың төлеушіге қайтарылатын жолы да қарастырылған. Қазіргі таңда соттар қабылданған «Медиация туралы» Заңның жағымды тұстарын бағалап, медиация интитутын жаңғырту мақсатында оны дамытуға үлестерін қосып жатыр. Мысалы, Тараз қалалық сотына жүгінген тараптарға медиация институтымен танысуын қамтамасыз ету мақсатында сот тарапынан оларға әрдайым медиация ұғымы мен оның ерекшеліктері жөнінде ақпарат беріліп, сондай-ақ, азаматтық істерді қарау барысында медиация институтын қолданудың тәртібі мен салдары туралы және оның жағымды тұстарын насихаттау бойынша шаралары жүргізіліп жатыр. Медиация тәртібінде дауларды қарайтын неғұрлым ыңғайлы арнайы залдар жабдықталған. Кез келген елде медиация институтын оның құқықтық жүйесіне енгізу – мемлекет тарапынан, кәсіби қоғамдастықтың, сонымен қатар, қоғамның ынта-жігерлерінің бірігуін талап ететін күрделі және жауапты үдеріс. Соттар да медиация институтын жан-жақты дамыту жөніндегі белсенді жұмыстары мемлекеттік саясаттың да міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосуда. 2017 жылдың қараша айына дейін облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында медиация тәртібімен 35 азаматтық іс қаралған.

Бексұлтан Нұрәлі, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы.