Білім

Ұрпақ тәрбиесі – басты назарда

Ұрпақ тәрбиесі – басты назарда

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады: олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» деген парасатты сөзі бар. Осы орайда Тараз қаласындағы №31 «Балапан» балабақшасының ұжымы да көзі ашық, көкірегі ояу ел болашағы болар саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуда. Биылғы жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласына 100 жыл толып отыр. Балабақша – мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекеме. Мұндай мекеменің ең алғашқы үлгісін неміс педагогі Ф.Фрёбель ұйымдастырған. Ал, еліміздегі тұңғыш балабақша Алматы қаласында 1917 жылы ашылып, онда 100-ге тарта бала тәрбиеленген екен. Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің №31 «Балапан» балабақшасының ашылғанына да биыл жеті жыл толады. Бүгінде бұл мекемеде 200 бала тәрбиеленуде. Ашылған сәттен бастап балабақшада өте білікті педагогтер мен қызметкерлер жұмыс атқарып келеді. Олар өз ұйымшылдықтарының арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Тәрбиеленушілерге арналған түрлі іс-шаралар да қызықты ұйымдастырылып, балалардың ойынан шығуда. Сондай-ақ, мекемеде «Инновациялық технологияларды тиімді қолдану жолдары», «Пән жетекшілерінің мектепке дейінгі мекемедегі қызметі» атты қалалық семинарлар өткізіліп, өз жемісін берді. Басқа балабақшалармен тәжірибе алмасу мақсатындағы жұмыстар да жолға қойылған. Балабақша тәрбиеленушілері де барлық республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Балабақша ұжымы бүгінгі күнде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың компьютерлік сауаттылығын, шет тілдерін меңгеруге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында жүйелі жобаларды қолға алып отыр. Мекемеде тәрбие, білім беру жұмыстары баланың жас ерекшеліктеріне, күн режіміне сәйкес жасалған бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағытта арнайы білімі бар тәрбиеші-педагогтер тер төгуде.

Айман Раймқұлова, №31 «Балапан» балабақшасының әдіскері.

Тараз қаласы.