Байзақта игілікті істер жалғасын табады
Байзақта игілікті істер жалғасын табады
Қала іргесіндегі Байзақ ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ілкімді істер қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздескен аудан әкімі Рахматілда Рахманбердиев айтып берді. «Елбасы мақаласында айтылғандай, Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиялық белдеуі – біздің мақтанышымызға айналмақ. Міне, осы жұмысты жүзеге асыру мақсатында ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи мұраларымызды насихаттауға арналған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауданымызда бірқатар тірліктер қолға алынды. Бүгінде аудан бойынша 64 тарихи-мәдени ескерткіштер тіркеуде бар. Оның үшеуі республикалық санатта болса, қалғандары жергілікті маңыздағы ескерткіштер. Тарихты бағалау – парыз. Сол себепті аудан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің құжаттарын заңдастыруға жергілікті бюджеттен 3 миллион теңге қарастырылды. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне қалашықтардан табылған құнды дүниелер өңірде өркениеттің, отырықшы мәдениеттің болғанын әйгілейді. Республикалық дәрежедегі археологиялық ескерткіштер Барысхан, Түймекент және өзге қалашықтар сол санатқа жатады. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра комитетінің қорғауына алынған Ботамойнақ ауылындағы Қостөбе қалашығы – тарихтың айнасы. Аталмыш қалашыққа бюджеттен 220 мың теңге бөлініп, үш тілде ақпараттық қалқан, қорғау тақтайшалары және тарихи нысанға апаратын жол сілтегіш құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар, қалашықтың айналасы темір қоршаумен әдіптеліп, жергілікті бюджеттен қарастырылған 9 миллион теңгеге ескерткішке апаратын жол салынып, автотұрақ әзірленді. Қалашық аумағын толық қоршауға 16 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жолданды, – деген аудан әкімі өзге де атқарылып жатқан жұмыстар жайын баян етті. Баяндамашының сөзінен аңғарғанымыз, тарихи ескерткіштерді қорғау аймағын заңдастыру мақсатында Ақкүмбез, Ақмола кесенелері, Охуум қалашығы мен Шөлтөбе бекінісінің мемлекеттік актілерін жасау жоспарлануда екен. Сондай-ақ, ол ауданда туристік кластерді жолға қою, тарихи орындарды жаңғыртудан өзге де мәселелер туралы ой қозғап, тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».