Саясат

Рухани жаңғыру – білім берудегі басты бағдар

Рухани жаңғыру – білім берудегі басты бағдар

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сананы жаңғыртуға, білім мен ғылымға үлкен мән бергені мәлім. Бәсекелік қабілетті арттырудың жолы да – осы білімге құштарлықтан бастау алатынын ашып айтты. Иә, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, жаһандық өзгерістерге бейім әрі патриоттық рухта тәрбиелеу қашанда өзекті мәселе болып келген. Сондықтан Президент ұсынған рухани жаңғыру бағдарламасы – бала тәрбиесіне жауапты мамандардың басты бағдарына айналуы заңдылық. Облыс әкімдігінің білім басқармасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғыртудың «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында «Отаным – тағдырым», «Өлкетану» және «Саналы азамат» базалық бағыттары бойынша 2017-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 36 шағын жобасын әзірлепті. – Осы жылдар аралығында кіші жобалар аясында өтетін іс-шараларға мектеп оқушылары мен колледж студенттері қамтылады. Аталған жобаларды іске асыру мақсатында 2017-2018 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептерде «Өлкетану» және «Туған өлке тарихы», ал техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде «Тарихи өлкетану» және «Әдеби өлкетану» курстары енгізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастарды жаңғырту жолында нақты мақсатқа жету үшін білімді, саналы болуға, ұлттық кодымызды сақтай білуге тәрбиелеу мақсатында орта мектепте «Тәрбие және білім» кабинеттері, 5 колледжде «Зерде» және «Руханият» рухани дамыту орталықтары ашылды. Облыстың барлық білім мекемелерін талапқа сай безендіру мақсатында үлгі-нұсқалар әзірленіп, таратылды. Облыстың білім мекемелерінде білім алып, табысқа жеткен тұлғаларды туған жеріне, білім алған мектептеріне, сабақ берген ұстаздарына құрмет көрсетуге шақыру, оқушыларға өз мектептерін бітірген танымал түлектердің табысты өмір жолын үлгі ету мақсатында «Мектепке тағзым» атты облыстық акциясының концепциясы дайындалып, тиісті шаралар ұйымдастырылуда, – деді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова. Басқарма басшысы атап өткен «Мектепке тағзым» акциясы барысында облыс мектептеріне демеушілер тарапынан 5700500 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліпті. Мәселен, облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-интернатының түлегі «Ustday» ЖШС-ның бас директоры Жанат Рахмани мектепке 1 миллион теңгеге заманауи робот жасауға арналған робототехника құралдарын сыйға тартқан. Бір айта кетерлігі, бұл мектептің білім беру үдерісінде «Робототехника» негіздерін енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Соның арқасында оқушылар аталған сала бойынша облыстық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Қай кезеңде де тәрбие және білім берудің негізгі міндеттері – ең алдымен, дені сау, ұлттық сана сезімі ояу, рухани әлеуеті биік, ар-ожданы мол, парасатты, іскер адамды қалыптастыру болған. Солай болып қала береді де.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».