Экономика

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНІҢ АРШЫНДЫ ҚАДАМЫ

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНІҢ АРШЫНДЫ ҚАДАМЫ

Нұржан НҰРЖІГІТОВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарымен шектесетін өңіріміз аумағында бағзы кездерден бері төрт түлік мал өсіріледі. Мал шаруашылығымен бірге, егін шаруашылығы қатар дамыған облыстан еңбектің небір майталмандары шықты. Олардың көші басындағы малшылар маршалы атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазата – Жазылбек Қуанышбаев бастаған даңқты еңбек ардагерлері облыстың атын республикаға, тіпті кешегі Кеңес одағына әйгіледі. Алдыңғы толқын салып кеткен сара жолды еңбек еркіндігіне мүмкіндік берілген тәуелсіздік жылдарында азат елдің ұландары одан әрі жемісті жалғастыру үстінде. Осы уақыт аралығында салада қол жеткен жетістіктер мол-ақ. Өңірде Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы саланың дамуына оң септігін тигізуде. Бағдарлама аясында биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласына республикалық бюджеттен – 7,3, жергілікті бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде үстіміздегі жылдың 10 айында 220 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ет өндіру – 9,2, сүт өндіру – 3,1, жұмыртқа өндірісі –12,6 пайызға ұлғайды. Басқа өнімдерге қарағанда, тиімділігі төмен дәнді- дақылдар алқаптарының көлемі жылдан-жылға қысқартылып, жеміс-көкөніс, бау-бақша, майлы және басқа да техникалық дақылдар егістіктерінің көлемі ұлғайтылып келеді. Биыл пайдаланылмай бос жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары 630 мың гектарға орналастырылып, былтырғы жылмен салыстырғанда 37 мың гектарға немесе 6,2 пайызға артты. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 274,8, майлы дақылдар – 89,8 , қант қызылшасы – 9,5 , картоп – 9,0 , көкөніс-бақша дақылдары – 39,5, мал азығы дақылдары – 207,5 мың гектарға егілді. Қазіргі уақытта облыста аттестатталған 10 ауыл шаруашылық нысаны жоғары репродукциялы тұқым өндірумен айналысуда. Биыл «Тұқым шаруашылығын субсидиялау» бағдарламасы аясында 457 миллион теңге бөлінді. Мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдаудың нәтижесінде аймақта сапалы тұқым себілген алқап көлемі ұлғайды. Соның әсерінен егін шаруашылығының өнімділігі жоғарылай түсті. Өңірдегі екі қант зауытын жергілікті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары қант қызылшасы өндірісі ұлғаюда. Ағымдағы жылы бұл дақыл түрі барлығы 9,5 мың гектар алқапқа орналастырылған болатын. Қызылша жинау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, межеге жақындап қалды. Жалпы, 180 мың тоннаға жуық тәтті түбір өндіру жоспарлануда. 2016-2017 жылдары қант қызылшасы өндірісін қолдау аясында облыстық бюджеттен 620 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат толығымен игерілді. Атап айтқанда, 420 миллион теңгеге Франция мен Германиядан қант қызылшасы тұқымы, сондай-ақ, 200 миллион теңгеге лизингпен арнайы техника сатып алынды. Биыл Шу қаласында құны 150 миллион евроны құрайтын, жылына 100 мың тонна қант өндіретін зауыт құрылысын салу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде, қант қызылшасы алқаптарының көлемін 30 мың гектарға дейін ұлғайтуға септігін тигізеді. Биыл облыста ылғал үнемдеу технологиясы 27 мың гектарға, су үнемдеу – 15 мың гектарға жетіп, 25,5 пайызға артты. Ал келесі жылы су үнемдеу технологияларын 18 мың гектарға енгізу жоспарлануда. Үдемелі алма бақтарының алқабы 325 гектарға жетті. «ФиТиСи» Экьюти компаниясының жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайтын «Агропарк Тараз» индустриялық аймағын құру инвестициялық жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында 1000 гектар алқапқа үдемелі алма, жеміс-жидек көшеттері отырғызылатын болады. Өңірдегі мал басының саны да арту үстінде. Бүгінде мүйізді ірі қара саны 356 мың, қой мен ешкі 2,8 миллион, жылқы саны 110 мың басты құрап, 4-5 пайыз өсімге қол жеткізілді. Асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлес салмағы – 25,3, қой – 30, жылқы 24 пайызды құрады. Қазіргі таңда 26 мың бас ірі қараны бордақылауға арналған 26 бордақылау алаңы жұмыс істеуде.Өткен жылы бұл алаңдардан 451 тонна, биыл 316 тонна сиыр еті экспортталды. Ет кластерін дамыту бағытында Мойынқұм, Меркі аудандарында ресейлік «Агрофирма Түрікпен» және малайзиялық «Агростан Фермс» серіктестіктері әрқайсысы 3 мыңнан 5 мың басқа дейін ірі қара малын бордақылайтын кешендер соғуда. Өңірде халықты етпен толық қамтамасыз етуге және экспорттауға мол мүмкіндіктер болғандықтан, ет өнімдерін өңдейтін «Меркі ет», «Оңтүстік Халал Тағамдары» (Біріккен Араб Әмірліктерінің «ADEAS Development» компаниясы қатысуымен) және «Первомайские деликатесы» сияқты ірі кәсіпорындар іске қосылды. Биыл «Меркі ет» комбинаты Біріккен Араб Әмірлігінің Бахрейн Корольдігіне 22 тонна, Иранға 123 тонна қой етін жіберді. Былтырғы жылға дейін облыс тұрғындарын құс етімен толық қамтамасыз етуде мүмкіндіктер болмаған еді. Биыл «Әулие-Ата Феникс» құс фабрикасы (жалпы құны 2 миллиард теңге тұрады) іске қосылғалы қажеттіліктің 62 пайызы қамтамасыз етілді (бұл көрсеткіш 2016 жылдың сәйкес мерзімінде 10 пайызды құраған). Үстіміздегі жылдың он айында бұл кәсіпорында 3,6 мың тонна құс еті өндірілді, жыл аяғына дейін 4,2 мың тонна өнім күтілуде. Кәсіпорын осы мерзім ішінде Ресейге 32 тонна өнімді экспортқа шығарды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ұсақ шаруашылықтардың бірігуімен облыста барлығы 181 ауыл шаруашылығы кооперативі (оның ішінде шаруа қожалықтарының бірігуімен 126, жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 55 кооператив) құрылып, оларда 3 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды. Бір мыңнан астам отбасылық бордақылау алаңы және 500-ден астам отбасылық тауарлы-сүт фермалары құрылды. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 14 миллиард теңге инвестиция тартылғанын да атап өткен жөн. Оның ішінде,«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы – 8,3 миллиард теңге, II-дәрежелі банктер арқылы – 3,1 миллион теңге және инвесторлардың өз қаржылары есебінен 2,7 миллион теңге инвестиция тартылып, жалпы 1,8 миллиард теңге инвестициялық субсидия берілді. Жайылымдық инфрақұрылым нысандарын дамыту және қайта жаңғырту жөніндегі жоспарға сәйкес ағымдағы жылы 171 дана ұңғы пайдалануға беріліп, жоспар 316 пайызға орындалды. Жалпы, 2014 жылдан бері 292 ұңғы іске қосылуымен 525 мың гектар жайылымдық жер суландырылды. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа 66 индикаторлық көрсеткішке қол жеткізу бекітілген. Бүгінгі күні олардың 33-і орындалып, қалған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бірқатар көрсеткіштер жоспардан айтарлықтай аса түсті. Мәселен, көкөніс өндіру көлемі 5,2 пайызға (705,6 мың тоннаның орнына – 742,1 мың тонна), сиыр еті – 14,8 пайызға (31 мың тоннаның орнына 35,6 мың тонна), қой етін өндіру – 11,8 пайызға артық орындалды (18,7 мың тоннаның орнына 20,9 мың тонна). Ауыл шаруашылығы қызметкерлері жыл сайын күзгі жиын-терін науқаны аяқталған соң болатын өздерінің кәсіби мерекелерін осындай табыстармен қарсы алып отыр. Олар аға ұрпақ өкілдерінің жарқын жолын бұдан былай да жалғастыра береді.